25 сентября 2025
AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ AI МЕКТЕБІ АШЫЛАДЫ
С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің делегациясы Малайзияға ресми іссапар барысында ірі жоғары оқу орны Universiti Pendidikan Sultan Idris (UPSI) университетімен және бірқатар жетекші мекемелермен ауқымды келісімдерге қол қойды. Делегация құрамында университет ректоры, профессор Мұхтар Төлеген, академиялық құрылым өкілдері, көрнекті ғалымдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Малайзиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Болат Сүгірбаев қатысты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жасанды интеллектіні кеңінен енгізу қажеттігін атап өткен болатын. Осыған орай, Amanzholov University студенттердің цифрлық дағдыларын дамыту мақсатында бірегей «AI-SANA» бағдарламасын батыл іске асыруда. Бұл бағдарлама 100 мыңға жуық қатысушыны қамтып, Қазақстанда DeepTech-стартаптарды қалыптастыруға ықпал етпек.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, бағдарлама 4 кезеңнен тұрады. Студенттер Coursera, Huawei және Astana Hub платформаларында жасанды интеллект негіздерін меңгереді.
Айта кетейік, 2024 жылы Малайзия Премьер-министрі Анвар Ибрагим ресми іссапармен Қазақстанға келген болатын. Келіссөздер барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тараптардың туризмді, сауда-экономикалық және мәдени-рухани салаларды дамытуға баса назар аударатынын атап өтті. Осы мақсатта «Куала-Лумпур – Алматы – Куала-Лумпур» бағытында тікелей әуе рейсі ашылды.
UPSI университетінің ректоры, профессор Dato’ Dr. Md Amin bin Md Taff-пен жасанды интеллектіні білім беру жүйесі мен ғылымға енгізу жөнінде ауқымды келіссөздер жүргізілді. Меморандум аясында жасанды интеллект (AI) халықаралық мектебін ашу туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ педагогика, физика, ақпараттық технологиялар, жасанды интеллект және цифрлық шешімдер бағыттары бойынша қос дипломды білім беру бағдарламалары енгізіледі; академиялық ұтқырлық арқылы студенттер мен оқытушылар тәжірибе алмасады; ядролық физика мен сутегі энергетикасы, инклюзивті білім беру, цифрлық трансформация салаларында бірлескен ғылыми жобалар жүзеге асады.
Кездесу барысында С. Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры Малайзияда Абай мәдени-білім беру орталығын ашу жөнінде де ұсыныс білдірді. Бұл орталық қазақ тілін, мәдениетін, өркениетін және Абайдың философиялық көзқарастарын халықаралық деңгейде танытуға қызмет етпек.
– Алдағы уақытта UPSI университетімен ынтымақтастықтың арқасында Сәрсен Аманжолов атындағы университет әлемдік стандарттарға сай дами түседі. Бұл білім сапасының артуына, ғылыми-зерттеу базасының жандануына және университетіміздің халықаралық QS рейтингінде көтерілуіне жол ашады. AI халықаралық мектебін ашу – тек аймақ үшін ғана емес, бүкіл ел үшін жаңа сапалы білімнің бастауы болмақ. Университетіміз жасанды интеллект бағытын күшейтіп, шетелдік мамандарды тарту арқылы жаңа деңгейге шығуға ниетті, – деді ол.
С. Аманжолов атындағы университет жыл сайын «Ядролық физика» және «Ядролық физика және атом энергетикасы» бағдарламалары бойынша мамандар даярлайды. Түлектер өңірдің ірі кәсіпорындарында еңбек етіп жүр. Бұл – алдағы АЭС құрылысына кадр даярлаудағы университеттің жетекші рөлін айқындайды.
Малайзияның туризмді дамытудағы тәжірибесі де Amanzholov University делегациясының назарынан тыс қалған жоқ. Университет бұл тәжірибені аймақтың бай тарихи-мәдени мұрасын халықаралық деңгейде таныстырумен сабақтастырып, туризм саласында мамандар даярлауды жаңа деңгейге көтеруді көздеп отыр.
Университеттің туристік аймақта орналасуы осы салада мамандар даярлап қана қоймай, олардың жұмыспен қамтылуына да мүмкіндік береді. Ректор Мұхтар Төлеген атап өткендей, туризмді дамыту тек елдің экономикасына ғана емес, халықаралық беделіне де оң әсер етеді.
Сонымен бірге университет профессоры Айжан Картаеваның ғылыми жобасы гранттық қаржыландыруға ие болды. Жоба аясында Шығыс Қазақстанның тарихи және табиғи нысандары цифрландырылып, туристік бағыттар картасы мен аңыздар хрестоматиясы дайындалады. Бұл материалдар заманауи цифрлық форматта ұсынылып, аймаққа келушілер үшін жаңа деңгейдегі танымдық мүмкіндік жасайды.