26 сентября 2025


ЕРЕКШЕ БІЛІМ БЕРУ ҚАЖЕТТІЛІКТЕРІ БАР БАЛАЛАРДЫҢ ЦИФРЛЫҚ САУАТТЫЛЫҒЫН ДАМЫТУҒА АРНАЛҒАН СЕМИНАР ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Қазақстандағы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың функционалдық цифрлық сауаттылығын дамыту: ассистивті технологиялар» тақырыбында екі күндік семинар ұйымдастырылды.

Іс-шараны ҚР БҒМ «Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы», Қазақстандағы БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) және Инклюзивті білім беруді қолдау бойынша орта білім беру мектептерінде тәжірибе тарату орталығы бірлесіп өткізді.

Семинардың мақсаты – инклюзивті білім беруді қолдау бойынша мектептерде қолайлы жағдай жасау, функционалды цифрлық сауаттылық пен ассистивті технологияларды тиімді қолдану тәжірибесін арттыру болды.

Қатысушылар қатарында педагог-психологтар, дефектолог-логопедтер, информатика пәні мұғалімдері және арнайы білім беру саласының мамандары болды.

Семинар бағдарламасында инклюзивті білім берудің мазмұны, АКҚ (альтернативті және қосымша коммуникация) жүйелері, баланың қарым-қатынас деңгейін түсіну, сурет алмасу (PECS), СBoard қосымшасы, коммуникация нәтижелерін бағалау, сондай-ақ аутизмі бар балаларға арналған АКҚ мақсаттарын қою мәселелері қамтылды.

Мамандар екі күн бойы тәжірибелік тренингтерге қатысып, инклюзивті білім беру саласындағы заманауи технологиялар мен әдістемелерді меңгерді.