1 октября 2025
«ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ АДАМЗАТ ӨРКЕНИЕТІН ҚАЛАЙ ӨЗГЕРТУДЕ?» АТТЫ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ
Қазақстан Республикасындағы Жасанды интеллект апталығы аясында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Жасанды интеллект адамзат өркениетін қалай өзгертуде?» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны Компьютерлік үлгілеу және ақпараттық технологиялар кафедрасының оқытушылары Жанетта Сұңғатқызы мен Тоғжан Жеңісқызы ұйымдастырды.
Басты мақсат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қыркүйек айындағы Жолдауында айтылған реформалардағы ЖИ-дің рөлі мен орнын талқылау және оны әлемдік тәжірибемен салыстыру болды.
Шара барысында «Математика-информатика» білім беру бағдарламасының студенттері Жәния Кәкім мен Ернұр Маратов баяндама жасап, жасанды интеллекттің мүмкіндіктері мен тәуекелдері жайлы ой қозғады. Студенттер ЖИ-дің еңбек нарығына, білім беру жүйесіне және қоғамның дамуына ықпалы туралы пікірлерін ортаға салды.
Қатысушылар ЖИ-ді «екі қырлы семсер» деп бағалады: бір жағынан ол ғылым мен медицинада орасан мүмкіндіктер берсе, екінші жағынан жаһандық қауіптерді де туындатуы мүмкін. Өркениеттің ЖИ дәуіріндегі болашағы оны этикалық әрі стратегиялық тұрғыда дұрыс пайдалана білуімізге тікелей байланысты екені атап өтілді.