2 октября 2025


АРДАГЕР ОҚЫТУШЫҒА АРНАЛҒАН ҚҰРМЕТ

Сарсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ректоры, профессор Мұхтар Әділбекұлы Төлеген университетіміздің ардагер ұстазы, саналы ғұмырын білім мен ғылымға арнаған Амантай Шаймарданқызы Жылқыбаеваны арнайы барып құттықтады.

Амантай Шаймарданқызы — мектепті бітірген соң еңбек жолын ауылдық мектептерде бастап, алғашқы жылдары орыс сыныптарына сабақ берді. Кейін Сарсен Аманжолов атындағы университетті үздік тәмамдап, «қызыл дипломның» иегері атанды. Осылайша ұстаздық жолға берілген жан жарты ғасырдан астам уақыт бойы аталмыш оқу ордасында дәріс беріп, талай буын шәкірт тәрбиеледі. Оның еңбекқорлығы мен шәкіртке деген қамқорлығы студенттердің ғана емес, әріптестерінің де жылы ықыласына бөленген.

Ректор Мұхтар Әділбекұлы ардагер ұстазға университет ұжымының атынан жүрекжарды алғысын білдіріп, жас ұрпақты тәрбиелеудегі өлшеусіз еңбегін жоғары бағалады. Сонымен қатар ардагер ұстазға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасына бақ-береке тілеп, Ардагерлер күніне орай сый-құрмет көрсетті.

-Аманжолов университетіне арнаған 46 жылым мен үшін ғылымға арналған кезең. Еш өкінбеймін. Аманжолов университетінің студенттеріне тілерім адал азамат болып өсіңдер,- деп өз тілегін білдірді Амантай Шаймарданқызы

Университетіміздің ардагер ұстаздары – бүгінгі жас буын үшін өнеге, ал олардың еңбегі – ұрпақ жадында мәңгілік сақталатын қастерлі мұра.