2 октября 2025


“АЛТАЙ” ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕ: ШҚУ СТУДЕНТТЕРІ ҚЫТАЙДА ҚАЗАҚСТАННЫҢ АТЫНАН ӨНЕР КӨРСЕТУДЕ

Қытай Халық Республикасының Тайюань қаласында Association nationale cultures Du Monde халықаралық фестивалі өтіп жатыр. Бұл — әлемнің түкпір-түкпірінен келген өнер ұжымдары мен мәдениет өкілдерін біріктіретін ірі мәдени шара.
 
Биылғы фестивальге Перу, Грузия, Буркина-Фасо, Болгария, Польша, Таиланд, Малайзия, Үндістан, Франция, Қытай, Латын Америкасы елдері мен Қазақстан қатысып жатыр. Қазақстан атынан сахна төріне шыққан — «Алтай» халық би ансамблі, оның құрамында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің дарынды студенттері мен түлектері бар. Олардың өнері — жай би емес. Бұл — қазақтың жан-дүниесін танытатын тіл, Ұлы даланың қуаты, халқымыздың бай мәдениетінің жарқын көрінісі.
 
“Алтай” ансамблі — ВКУ-дың халықаралық аренадағы мәдени келбеті. Жас өнерпаздар өз елінің абыройын биік ұстап, кәсіби дайындықтары мен шеберліктерін, ұлттық дәстүрге деген терең құрметтерін көрсете білді. С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті — тек сапалы білім беріп қана қоймай, сонымен қатар ел мәдениетін әлемге танытатын тұлғаларды тәрбиелейтін іргелі оқу орны. Университет студенттерінің мұндай халықаралық деңгейдегі шараларға қатысуы — ел мәдениетін насихаттауға қосқан үлкен үлес.