9 октября 2025


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІ МЕН ФРАНЦИЯ АТОМ САЛАСЫНЫҢ КАДРЛАРЫН ДАЯРЛАУ ҮШІН КҮШ ЖҰМЫЛДЫРУДА

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде ректор Мұхтар Төлеген мен Франция Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиоге арасындағы кездесу өтті. Келіссөздер нәтижесінде тараптар атом энергетикасы саласы үшін жоғары білікті кадрларды даярлау туралы уағдаласты.

Бүгінде Франция атом электр станциялары өндіретін энергия көлемі бойынша әлемде екінші орында, ал атом энергетикасының үлесі бойынша – бірінші орында тұр. Ел атом энергиясы саласында белсенді зерттеулер жүргізіп, реакторлар өндіру, отынды әзірлеу мен оны қайта өңдеу технологияларына ие.

Университет ректоры Мұхтар Төлеген атап өткендей, бұл ынтымақтастық бастамасы Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық энергетиканы жаңғырту және экологиялық таза технологияларды енгізу жөніндегі стратегиялық ұстанымдарымен толық сәйкес келеді.

– Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атом энергетикасы үшін отандық мамандарды даярлау ісінің маңыздылығын бірнеше рет атап өткен болатын. Бүгінгі келісім – осы бағыттағы нақты қадам, ол еліміздің ғылыми әлеуетін арттырудың институционалдық негізін қалайды, – деді ректор.

Француз тарапы тәжірибе алмасуға және екіжақты ғылыми-білім беру байланыстарын кеңейтуге мүдделі екенін білдірді. Елші Сильван Гиоге Amanzholov University-дің академиялық әлеуетін жоғары бағалап, оның халықаралық ғылыми-білім беру кеңістігіне белсенді интеграцияланып келе жатқанын атап өтті.