13 октября 2025


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІ – «ШЫҒЫС САЛБУРЫНЫ» ФЕСТИВАЛІНІҢ БЕЛСЕНДІ ҚАТЫСУШЫСЫ

Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданындағы «Бүркіт төбе» алаңында үш күнге созылған халықаралық «Шығыс Салбурыны-2025» фестивалі өз мәресіне жетті. Бұл ауқымды шараға Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті ерекше үлес қосты.

Фестивальдің басты мақсаттарының бірі – қазақ халқының көне аңшылық өнерін, дәстүрі мен мәдени мұрасын қайта жаңғырту болса, осы рухани бағытты қолдауда Аманжолов университеті белсенділік танытты.

Университет ректоры, профессор Мұхтар Төлегеннің бастамасымен студенттер ұлттық мәдениетті насихаттауда жоғары ұйымшылдық пен рухани белсенділік көрсетті. Университет ұжымы мен студенттері этноауылды ұйымдастыру жұмыстарына белсене араласты.

«Бүркіт төбе» алаңында университеттің киіз үйі тігілді, дәстүрлі дастархан жайылып, келген қонақтарға ұлттық тағамдар ұсынылды. Университеттің студенттері мен еріктілері келушілерді қазақ халқының салт-дәстүрімен таныстырып, қолөнер шеберлерінің еңбектерін дәріптеді.

Фестивальге 500-ге жуық студент қатысып, мәдени және этнографиялық бағдарламаларды ұйымдастыруда белсенді еңбек етті. Бұл – жастардың патриоттық рухын көтеріп, ұлттық мәдениетке қызығушылығын арттыруға бағытталған маңызды тәжірибе болды.

Фестивальдің жабылу салтанатында ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов, ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, сондай-ақ республикалық «Құсбегілік» федерациясының вице-президенті Бағдат Мүптеқызы сөз сөйлеп, ұлттық өнер мен дәстүрді насихаттаудағы жастардың рөлін атап өтті.

Фестиваль аясында Кенжебек Жанәбілов, Досымжан Танатаров, «Алатау серілері» тобы және өңірге танымал әртістер сахна төрінде өнер көрсетіп, көрермендерге мерекелік көңіл-күй сыйлады.

«Шығыс Салбурыны-2025» — ел бірлігі мен ұлттық рухты, дәстүрді ұлықтайтын ерекше мереке. Осы рухани алаңда университет студенттері мен оқытушыларының белсенділігі – білім мен тәрбие, дәстүр мен жаңашылдықтың жарасымды үлгісі болды.

Осылайша, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті Ұлы даланың мәдениетіне арналған айтулы шараға қатысып, Шығыстың жастарының рухын көтерген білім ордасы ретінде тағы да танылды.