14 октября 2025


СӘРСЕН АМАНЖОЛОВ АТЫНДАҒЫ ШҚУ-ДА «AI РЕВОЛЮЦИЯСЫ: БОЛАШАҚҚА ҚАДАМ БАСУ» СЕМИНАРЫ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «IT және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебі» базасында «AI революциясы: болашаққа қадам басу» атты семинар өтті.

Іс-шараға университеттің экономикалық мәселелер және цифрландыру жөніндегі проректоры Ерқат Мұкажанов, «Компьютерлік модельдеу және ақпараттық технологиялар» кафедрасының оқытушылары мен ғалымдары, «Математика» кафедрасының профессоры Байгереев Д.Р., қауымдастырылған профессор Мадияров М.Н., сондай-ақ Ақпараттық технологиялар орталығының мамандары қатысты. Семинарды «IT және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебінің деканы Салтанат Адиканова жүргізді.

Қатысушыларды құттықтаған Ерқат Мұқажанов өз сөзінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың цифрландыру және жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі стратегиялық міндеттеріне тоқталды. Ол университетте жүзеге асырылып жатқан цифрлық трансформация шаралары туралы баяндап, алдағы уақытта іске қосылатын үлкен IT-хаб пен AI–SANA платформасының мүмкіндіктерін таныстырды. Сонымен қатар, жасанды интеллектіні оқыту, енгізу және дамыту бағыттарының маңыздылығын атап өтіп, студенттерді AI–SANA платформасының құралдарын пайдаланып, AI агенттерін әзірлеуге белсенді қатысуға шақырды.

Семинар барысында қауымдастырылған профессор Мадияров М.Н. Малайзияда жинаған халықаралық тәжірибесімен бөлісіп, жасанды интеллект саласындағы стартаптар мен жобалар туралы баяндады. Ол халықаралық ынтымақтастықты арттыру мақсатында шетелдік ғалымдарды шақыру, ғылыми жобалар жазу және ағылшын тілін меңгерудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен бірге, Шығыс Қазақстанның табиғаты аясында жазғы мектеп ұйымдастыру және халықаралық деңгейде жұмыс істейтін ғылыми мектеп құру бастамасын ұсынды.

Ақпараттық технологиялар орталығының мамандары өз кезегінде AI–SANA платформасының соңғы жаңалықтарын таныстырды. Олар университет қабырғасында әзірленіп жатқан бес AI агентін көрсетіп, студенттер мен ғалымдарды жасанды интеллектіні дамыту және қолдану бағытында ынтымақтастық орнатуға шақырды.

Семинарды қорытындылаған Салтанат Адиканова «Компьютерлік модельдеу және ақпараттық технологиялар» кафедрасының атауы алдағы уақытта «Жасанды интеллект және ақпараттық жүйелер» деп өзгеретінін хабарлады. Бұл өзгеріс университет пен жоғары мектептің заманауи талаптарға сай дамуына мүмкіндік беретінін атап өтті. Сондай-ақ студенттерді стартап-жобаларға, IT-хакатондарға қатысуға және университет пен шағын бизнес үдерістерін автоматтандыруға белсенді араласуға шақырды.

Бұл семинар Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің жасанды интеллект саласындағы болашақ бағытын айқындап, студенттер мен ғалымдардың цифрлық сауаттылығын арттыруға, жаңа идеялар мен жобаларды дамытуға серпін берді.