15 октября 2025


АЛТАЙ – ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ АЛТЫН БЕСІГІ: ҒЫЛЫМ МЕН ТАРИХ ТОҒЫСҚАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КЕҢІСТІК

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтуде. Бұл жиынға әлемнің әр елінен келген жетекші ғалымдар мен зерттеушілер қатысып, Алтайдың тарихы мен мәдени мұрасының мән-маңызын жан-жақты талқылады. Бүгінгі пленарлық отырыс ғылым мен руханияттың тоғысқан алаңы болды.

Іс-шараны ашқан Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Аманұлы Сақтағанов өз сөзінде өңірдің түркі әлемі тарихындағы ерекше орнын және мәдени мұраны сақтау маңызын атап өтті.

«Алтай – түркі өркениетінің алтын тамыры, Ұлы Даланың рухани қайнары», – деп атап өткен өңір басшысы ғылым мен туризмнің үйлесімді дамуының маңыздылығына назар аударды.

Конференция модераторы – университет ректоры Мұхтар Әділбекұлы Төлеген. Ол өз сөзінде:

«Алтай – түркі өркениетінің өзегі. Бұл конференция – ғылыми пікір алмасу алаңы ғана емес, ұрпақтар арасындағы рухани сабақтастықты жаңғыртуға бағытталған нақты қадам», – деді.

Басты баяндама Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, тарих ғылымдарының докторы, профессор, белгілі археолог Зейнолла Самашевтың еншісінде болды.

Ол «Қазақ Алтайының көне тарихының контурлары» атты баяндамасында көпжылдық археологиялық зерттеулердің нәтижелерін ұсынып, Алтайдың түркі өркениетінің қалыптасуындағы ерекше орнын айқындады. Ғалым археологиялық деректердің маңызын атап өтіп, ұлттық мұраның рухани құндылығына тоқталды.

Зейнолла Самашев университеттің Археология және мәдени мұра музейіне студенттер қатысқан соңғы археологиялық экспедициялар барысында табылған түпнұсқа жәдігерлерді сыйға тартты. Бұл символдық қадам тарихқа деген құрмет пен ұрпақтар сабақтастығын айқын көрсетті.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің тарих ғылымдарының докторы, профессор Задаш Дүкенбаева «Алтай және Ұлы Дала өркениеті: түркілердің этномәдени дамуының негіздері» тақырыбында мазмұнды баяндама жасап, Алтайдың түркі халықтарының этногенезі мен мәдени бірлігіндегі рөліне ғылыми талдау жасады.

Италияның Генуя университетінің зерттеушісі, PhD Диана Спульбер «Мәдени және мәдениетаралық құзыреттер» атты баяндамасында жаһандану дәуіріндегі халықтар арасындағы өзара түсіністік пен мәдени әртүрлілікті құрметтеу маңызын атап өтті.

Түркияның Мугла Сыткы Кочман университетінің профессоры Мехмет Өзтюрк «Қазақстан балдарының физика-химиялық қасиеттері, биоактивтілігі және хемотаксомиялық маркерлері: коммерциялық әлеуетін бағалау» тақырыбындағы ғылыми зерттеу нәтижелерін ұсынды. Ол қазақстандық балдың жоғары сапасы мен биологиялық белсенділігін, сондай-ақ түркі халықтарының ежелгі бал шаруашылығымен тарихи байланысын атап өтті.

Университет ректоры Мұхтар Төлеген өз сөзінде аймақтың ғылыми әлеуетін дамыту мен халықаралық ынтымақтастықтың стратегиялық маңызын ерекше атап өтті:

«Осындай ғылыми диалогтар арқылы біз әлемдік ғылым кеңістігіне еніп, өңірдің табиғи, тарихи және мәдени әлеуетін жаңа қырынан зерттеуге жол ашамыз. Алтай – түркі әлемінің рухани бесігі ғана емес, ғылым мен инновацияның да орталығы», – деді ол.

Конференция барысында қатысушылар мәдени мұраны сақтау, өңірдің тұрақты дамуы және халықаралық ғылыми жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

Мұндай ғылыми форумдар Amanzholov University-дің халықаралық беделін арттырып, студенттер мен жас зерттеушілерге ғылыми алмасу мен академиялық өсудің бірегей мүмкіндіктерін ұсынады.

Ғылым мен өркениет диалогы Алтайдың қасиетті жерінде жалғасып, түркі әлемінің болашақ дамуының кепіліне айналуда.