8 января 2026
AMANZHOLOV UNIVERSITY ОҚЫТУШЫЛАРЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ МАҚАЛАСЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАСЫЛЫМДА ЖАРИЯЛАНДЫ
Web of Science және Scopus халықаралық ғылыми дерекқорларында индекстелетін беделді журналда (Scopus базасы бойынша — 90-процентиль; Web of Science дерекқоры бойынша — Q1 санаты) Amanzholov University оқытушыларының ғылыми мақаласы жарық көрді. Аталған зерттеу г/б тақырыбы ИРН AP23489784 «Әлеуметтік жаңғырту жағдайындағы қазақстандық компанияларда DE&I (алуандық, теңдік және инклюзия) мәдениетін қалыптастырудың әлеуметтік-психологиялық қолдауы» жобасы аясында орындалды.
Мақаланың авторлары — Е.И. Барабанова, Р.Ж. Тюлюпергенева, Л.С. Назырова, Н.А. Ладзина, М.Ф. Бекбаева. Ғылыми еңбек «Human-Centered Organizational Culture in the Global Workplace: Strategic Approaches, Trends, and Practical Models» тақырыбымен халықаралық ғылыми қауымдастық назарына ұсынылды.
Зерттеуде жаһандық еңбек нарығы жағдайында ұйымдық мәдениетті адамға бағдарланған қағидаттар негізінде қалыптастырудың стратегиялық тәсілдері, өзекті үрдістері мен практикалық модельдері жан-жақты талданған. Авторлар ұйымішілік басқару жүйесінде адами капиталдың, қызметкерлердің психологиялық әл-ауқаты мен әлеуетін дамыту мәселелерінің маңызын ғылыми тұрғыда негіздейді.
Ғылыми жұмыстың негізгі жаңалығы — адамға бағытталған басқару модельдерінің типологиясын әзірлеу және эмоционалдық интеллектті дамыту, инклюзивті кері байланыс тетіктерін енгізу, сондай-ақ басшылық тарапынан жүйелі қолдау көрсету элементтерін біріктіретін ауқымдалатын интеграциялық құрылымды эмпирикалық түрде тексеру болып табылады. Бұл модель ұйымдарда тиімді коммуникацияны, қызметкерлердің белсенділігін арттыруға және тұрақты институционалдық дамуға ықпал етеді.
Аталған жарияланым Amanzholov University-дің ғылыми әлеуетін, халықаралық стандарттарға сай зерттеулер жүргізу қабілетін айқын көрсетіп, университеттің әлемдік академиялық кеңістіктегі беделін одан әрі нығайтуға елеулі үлес қосады. Сонымен қатар зерттеу нәтижелері қазақстандық компанияларда инклюзивті және адамға бағдарланған ұйымдық мәдениетті қалыптастыру тәжірибесін жетілдіруде маңызды ғылыми-тәжірибелік мәнге ие.
