12 сентября 2023
«CATERPILLAR» ҚОРЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ ASHA VARGHESE AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ
С. Аманжолов атындағы ШҚУ-ға «Caterpillar» қорының президенті Asha Varghese жұмыс сапарымен келді. Ұйым қызметкерлерді ғылымға, STEM технологияларға, инженерлік іс пен математикаға үйрете отырып қауымдастықтарға нарықта тұрақтылықты сақтауға көмектеседі.
Кездесу барысында ректор Мұхтар Төлеген қонақтарға “Dana Bala” үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығын таныстырды. Атап айтқанда, сенсорлық интеграция, аппараттық психодиагностика және психологиялық түзеу зертханалары, логопедиялық кабинет, STEАM, шахмат және робототехника кабинеттерінің жұмысы көрсетілді.
– Орталық зертханалары ерекше балаларға нейро түзеу арқасында қиындықтармен күресуге, күнделікті ортаға бейімделуге көмектеседі, – деп атап өтті Мұхтар Төлеген.
Asha Varghese БОС-терапия, электроэнцефалография, полиграф, «МастерГраф» графикалық редакторы, «Дельфа», «Жайлау» компьютерлік сөйлеу тренажёрлары мен логопедиялық үстел мен университет студенттері жасаған церебралды сал ауруы диагнозы қойылған балаларға арналған вертикализатор қолданылатын орталықтың материалдық-техникалық базасына жоғары баға берді.
«Caterpillar» қорының өкілдеріне арналған экскурсия химиялық зертханада жалғасты. Онда меймандар ғалымдарымыздың ғылыми жобаларымен танысты. Соның ішінде суды тиімді сүзу үшін табиғи полимерлер мен композициялық материалдар негізінде биологиялық ыдырайтын материалдарды әзірлеу жұмысы жайлы мол мағлұмат алды.
«Caterpillar» қорының президенті Asha Varghese атап өткендей, машина жасау, материалтану, биотехнология, энергетика саласындағы ШҚУ ғалымдарының табысты ғылыми жобалары өңір ғана емес, бүкіл елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып келеді.