22 сентября 2023
ТҮЗЕТУ ПЕДАГОГТАРЫНА АРНАЛҒАН WORKSHOP ӨТТІ
ШҚУ өкілдері «Орта білім беру жүйесінде түзету жұмыстарын жетілдіру кезінде арнайы педагогтың кәсіби құзыреттілігін дамыту» тақырыбында «Өрлеу» Ұлттық біліктілікті арттыру орталығының тыңдаушыларына воркшоп ұйымдастырды.
Университет мамандары мен өзге оқу орындарының 27 педагогы ғылыми зерттеулер жүргізуді, педагогика, психология, түзету педагогикасы бойынша тәжірибелік-эксперименттік жұмыстарды, инклюзивті білім беру саласындағы мамандарға әдістемелік қолдау көрсетуді және сараптамалық кеңестер беруді талқылады.
Воркшоп барысында «Dana bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығының басшысы Алима Алипова «Эргопедагогика» және «Ерте қолдау педагогикасы» жаңа инновациялық білім беру бағдарламаларының ашылуы туралы айтып берді.
— Ерте жастан қолдау педагогы 3 жасқа дейінгі балалармен олардың психофизикалық даму ерекшеліктерін ескере отырып, жұмыс істейді. Бұл педагогика, психология, медицина, түзету әсері және басқа да көптеген ғылыми салаларды қамтитын пәнаралық бағдарлама. Эрго педагог дамуы қалыпты балалармен қатар ерекшеліктері бар бүлдіршіндермен де жұмыс істейді. Мұғалім күнделікті өмірге қажет дағдыларды үйретіп, әлеуметтендіруге көмектеседі, — деп түсіндірді Алима Алипова келген қонақтарға.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі осы мамандықтарды педагогикалық мамандықтар жіктеуішіне енгізу бойынша белсенді жұмыс жүргізуде.
Қауымдастырылған профессор Юлия Кукина және «Психология және түзету педагогикасы» кафедрасының сеньор-лекторы Қымбат Қанапьянова топтарда «Орта білім беру жүйесінде түзету жұмыстарын жетілдіру кезіндегі арнайы педагогтың орны» тақырыбында жұмыс жүргізді.
Воркшоп «Менің кәсіби қондырғыларым» трансформациялық ойынымен жалғасты. Мұғалімдердің пікірінше, ойын барысында олар кәсіби әлеуетін жаңа жолмен аша алды.
Шара соңында мұғалімдерге «Dana Bala» бірегей үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығы таныстырылды. Атап айтқанда, сенсорлық интеграция, аппараттық психодиагностика және психокоррекция зертханалары, логопедиялық кабинет, STEАM, шахмат және робототехника кабинеттері.
Жоғары оқу орнының қонақтары БОС-терапия, электроэнцефалография, полиграф, «МастерГраф» графикалық редакторы, «Дельфа», «Жайлау» компьютерлік сөйлеу тренажёрлары мен логопедиялық үстел қызметімен танысып, орталықтың материалдық-техникалық базасына жоғары баға берді.