4 апреля 2025
НАУРЫЗДЫҢ ЖАЛҒАСЫ: AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕГІ МЕРЕКЕЛІК ШЕРУ, ТҮРЛІ ДӘМ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ НАҚЫШТАР
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті қала тұрғындарын тағы да ауқымды әрі думанды Наурыз мейрамымен таңқалдырды. Биыл ірі оқу орнының басшылығы бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан Қазақстан халқының бірлігіне ерекше назар аударды.
Түбі бір түркі жұртының жаңа жылды тойлауы салтанатты шеруден басталды. Ұлы көш керуенінде оқу озаттары, қадірлі ардагерлер, көрнекті спортшылар, Кабанбай батыр атындағы Әскери кафедраның ержүрек тәрбиеленушілері және талантты белсенділер қазақ музыкасының әуенімен жүріп өтіп, С.Аманжолов атындағы университеттің жан-жақты әрі табысты білімалушыларын көрсетті.
Айта кету керек, спортшылар шеруін жас дзюдошы және «Дене шынықтыру және спорт» білім беру бағдарламасының магистранты Ақмарал Науатбек бастады. Ол 2024 жылы Паралимпиада чемпионы атанды. Дзюдошы шуақты мерекеге қатысу үшін облыс орталығындағы туған университетіне арнайы келді.
— Мені құрметтеп, үнемі қолдау білдіріп, осындай тамаша шараға шақырғаны үшін университетіме алғысым шексіз. Бүгін көктемгі атмосфераға батып, керемет әсерде отырдым. Шебер аспаздардың палауынан бірнеше порция жедім, – деп күлді спортшы.
Университеттің құрметті қонақтары қатарында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов және халықаралық әдеби «Алаш» сыйлығының лауреаты Әлібек Қантарбаев болды. Аймақ басшысы Абай Құнанбайұлы, Қасым Қайсенов, Төлеген Тоқтаров, Ізғұтты Айтықов, Жұмаш Уәлиев, Сәрсен Аманжолов және Қанипа Бітібаеваға арнап тігілген киіз үйлермен танысты.
Нұрымбет Аманұлы өз сөзінде мейрамның ауқымдылығын және университеттің білім мен ғылымды дамытудағы үлесін атап өтті.
— ШҚУ көпсалалы университеті өзінің бай тарихымен облысымыздың өркендеуіне елеулі үлес қосып келеді. Әсіресе ғылым мен білім саласындағы еңбегі зор. Ал бүгінгі шара бәрімізге дұрыс құндылықтарды, ұрпақтар сабақтастығын, мәдени әртүрлілікті және патриотизмді құрметтеу керектігін көрсетті. Университеттің басшылығы жастарды осы құндылықтарға тәрбиелеп жатқаны қуантады, — деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі.
– Бүгінгі мейрам көпұлтты Қазақстан халқының бәріне бірдей қымбат. Наурыз – еліміздің бірлігінің символы. Сондықтан мемлекетіміздің негізгі құндылықтары – тыныштық пен келісімді ұмытпау өте маңызды, – деп атап өтті С.Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген.
Мейрам әрі қарай концерттік бағдарламамен жалғасты. Көрермендер ұлттық киімдер шеруін, студенттік шығармашылық ұжымдардың би және вокалдық қойылымдарын, сондай-ақ шақыртылған әртістердің өнерін тамашалады. Осы уақытта спортқа қызығатын жастар өздерін асық ату, арқан тартыс және қазақ күресінде бақтарын сынап жатты. Ұйымдастырушылар ұлттық спорт ойындарына арнайы алаң бөлді.
Бой сергітіп алғаннан кейін, әркім өз қалауы бойынша гастрономиялық турға қатысты. ШҚУ қызметкерлері әртүрлі ұлттардың көптеген тағамдарын әзірлеп, көрме ұсынды.
Қонақтар қазақ, корей, орыс, өзбек, тәжік, татар, түрік асханаларынан тегін дәм татып, өзге ұлт асханларымен танысуға үлкен мүмкіндік алды.
Мәзірде құрт, чак-чак, өзбек палауы, ташкент шайы, корей сусындары, суши, самса, пиде, малина джемі бар құймақ және басқа да көптеген тағамдар молынан ұсынылды. Мерекелік дастарқан соңында дәстүрлі әдіспен дайындалған 500 келі ыстық бауырсақ, 300 литр Наурыз көже және жарты тонна палау ұсынылды.