4 апреля 2025


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ 500 КЕЛІ ЫСТЫҚ БАУЫРСАҚ ТАРАТЫЛДЫ

Шығыс Қазақстан университетінде «Бір шаңырақ астында» мерекелік шарасы аясында түрлі ұлт өкілдерінің тағамдары ұсынылып, қазақы дастархан жайылды.

Мерекелік шараға жиналған қонақтар мен студенттер үшін 500 келі ыстық бауырсақ, 300 литр Наурыз көже және 500 келі палау дайындалды. Келушілер ұлттық тағамдардан дәм татып, олардың дәруменге бай әрі құнарлы екенін атап өтті.

Сонымен қатар, өзге ұлт өкілдері де өз асханаларының ерекшеліктерін таныстырып, көрме ұйымдастырды. Қатысушылар өзбек, тәжік, татар тағамдарынан дәм татып, олардың тарихымен танысты.

Наурыз көженің жеті түрлі дақылдан әзірленетінін ерекше атап өткен тұрғындар ірімшік пен құрт сияқты ұлттық сүт өнімдеріне де жоғары баға берді. Университет ауласында құрт қайнатылып, оның жасалу технологиясы да көрсетілді.