3 ноября 2025
АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ЖАС ҒАЛЫМЫ ТАШКЕНТТЕ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫ БОЙЫНША ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯДА БАЯНДАМА ЖАСАДЫ
Ташкент қаласында «Цифрлық трансформация дәуіріндегі педагогикалық білім беруді дамыту перспективалары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Бұл беделді іс-шараға Түркия, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа да елдердің жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу ұйымдарының өкілдері, тәжірибелі педагогтер мен жас зерттеушілер қатысты. Конференция цифрлық білім беру, инновациялық педагогикалық технологиялар, STEM-бағдарламаларды дамыту және жасанды интеллектті білім беру үрдісіне интеграциялау мәселелеріне арналды.
Осы ауқымды жиынға Аманжолов университетінің жас ғалымы Бақдәулет Анас қатысып, пленарлық отырыста «Integrating STEM and Artificial Intelligence in Teaching Nanotechnology to Prospective Physics Teachers» тақырыбында ғылыми баяндама жасады. Жас зерттеуші өз жұмысында STEM және жасанды интеллект технологияларын болашақ физика мұғалімдерін даярлау үдерісіне енгізудің ғылыми-әдістемелік тұғырларын жан-жақты талдап, нанотехнологияны оқытудағы инновациялық тәсілдерді ұсынды. Сонымен қатар, баяндамасында педагогикалық үдерісті цифрландырудың тиімділігі, edTech шешімдерін оқу бағдарламаларына бейімдеу және трансдисциплинарлық білім беру траекториялары бойынша зерттеу нәтижелерін ұсынды.
Іссапар барысында Бақдәулет Мухитдинұлы Нордик халықаралық университетінің STEM зертханалары, цифрлық оқу орталықтары және инновациялық педагогикалық платформаларымен танысты. Университеттің заманауи зертханалық инфрақұрылымымен жұмыс істеу тәжірибесін зерделеп, білім беру үдерісіне енгізілген AR/VR, робототехника және жасанды интеллект технологияларының практикалық қолданылуын бақылады. Бұл тәжірибе педагогикалық кадрларды даярлаудағы жаңа бағыттар мен әдістемелік шешімдер туралы құнды ақпарат алуға мүмкіндік берді.
Сапар аясында түрлі елдердің ғалымдарымен кездесулер өтіп, ғылыми әріптестік перспективалары талқыланды. Әсіресе STEM-бағдарламалар бойынша бірлескен зерттеу жобаларын іске асыру, ғылыми мақалалар жариялау, оқытушылар мен студенттер алмасу мүмкіндіктері қарастырылды. Мұндай байланыстар университеттің халықаралық ғылыми қауымдастықтағы беделін арттыруға және жаңа серіктестік бағыттарын қалыптастыруға жол ашады.
Конференция нәтижесінде алынған ғылыми, әдістемелік және практикалық тәжірибе Аманжолов университетінде педагогикалық білім беруді цифрландыру, STEM білімін дамыту, жасанды интеллектті оқу үдерісіне енгізу және болашақ мұғалімдерді даярлау сапасын арттыру бағыттарында қолданылатын болады. Бұл іссапар университеттің халықаралық ынтымақтастығын нығайтып қана қоймай, білім беру саласындағы стратегиялық бастамаларды жүзеге асыруға серпін береді.