26 февраля 2026


ВОЛОНТЕРЛІК ПАТРИОТИЗМНІҢ БЕЛГІСІ: АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕГІ ӨҢІРААРАЛЫҚ ФОРУМ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Волонтерлік — патриотизмнің жауапты әрі жасампаз көрінісі» атты өңіраралық форум өтті. Іс-шара Қазақстан мен Ресей Федерациясынан келген мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың және волонтерлік бірлестіктердің өкілдерін біріктірді. Университет алаңы еркін пікір алмасу, тәжірибе бөлісу және еріктілер қозғалысын дамытуға бағытталған жаңа бастамаларды қалыптастыру кеңістігіне айналды.

Форум жұмысына Ресей Федерациясының өкілдері, «Ұлттық волонтерлік желі» заңды тұлғалар бірлестігі, сондай-ақ Абай, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарының волонтерлер фронт-офистерінің өкілдері қатысты. Кездесудің модераторы — Шығыс Қазақстан облысы волонтерлер фронт-офисінің жетекшісі Айдос Адильбеков волонтерліктің бүгінгі таңда жай ғана қоғамдық қызмет емес, жастардың белсенді азаматтық ұстанымы мен әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастыратын маңызды құрал екенін атап өтті.

Қатысушыларға құттықтау сөзбен Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев сөз сөйлеп, қоғамдық келісімді нығайту мен өңірлердің дамуына еріктілер қозғалысының маңыздылығын атап өтті. «Ұлттық волонтерлік желінің» атқарушы директоры Татьяна Миронюк волонтерлік бастамаларды жүйелі қолдау және мемлекет пен азаматтық қоғамның күш-жігерін біріктіру қажеттігіне назар аударды.

Форумға онлайн форматта Ресей Федерациясының Омбы облысының өкілдері, сондай-ақ Абай және Павлодар облыстарының салалық басқармаларының басшылары қосылды. Өз баяндамаларында олар жастар саясатын дамытудағы үздік тәжірибелерімен бөлісіп, әлеуметтік, экологиялық және патриоттық бастамаларды қолдауға бағытталған жобалар туралы әңгімеледі.

Қоғамдық бірлестіктер мен волонтерлік қозғалыстар өкілдерінің сөз сөйлеулері ерекше қызығушылық тудырды. «Мархабат.KZ» қоғамдық бірлестігінің төрағасының орынбасары, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Меруерт Үтегенова волонтерліктің мейірімділік пен өзара көмек мәдениетін қалыптастырудағы рөліне тоқталды. Автоволонтерлер қозғалысының өкілі, «Өскемен Асар» жобасының жүргізушісі Татьяна Дементьева күрделі өмірлік жағдайларда халыққа жедел көмек көрсету тәжірибесімен бөлісті. «Творим добро вместе» қоғамдық қорының жетекшісі Татьяна Беркман бизнес пен мемлекеттік құрылымдармен әріптестік аясында жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік жобалардың табысты кейстерін таныстырды.

Форумға университет студенттері де белсенді қатысты. «Мейірім» волонтерлік клубының өкілі әлеуметтік тұрғыдан осал топтарды қолдауға, экологиялық мәдениетті дамытуға және инклюзия идеяларын ілгерілетуге бағытталған жастар бастамалары туралы баяндады. Зайсан ауданы волонтерлер фронт-офисінің жетекшісі аудандық деңгейде еріктілер қызметін үйлестірудің практикалық тәжірибесімен бөлісті.

Пікірталас барысында қатысушылар волонтер мәртебесін арттыру, өңіраралық ынтымақтастықты дамыту, еріктілер платформаларын цифрландыру және жастарды әлеуметтік маңызы бар қызметке тарту мәселелерін талқылады. Патриоттық тәрбиені нақты істер мен қоғамдық бастамалар арқылы жүзеге асыруға ерекше көңіл бөлінді.

Форум өңірлер арасындағы әріптестік байланыстарды нығайтуға, ресейлік әріптестермен ынтымақтастықты кеңейтуге және волонтерлік құндылықтарды ілгерілетуге бағытталған маңызды қадам болды. Аманжолов университеті базасында мұндай іс-шаралардың өтуі оның ашық диалог алаңы ретіндегі мәртебесін растап, азаматтық қоғамды дамыту мен жастар бастамаларын қолдауда заманауи тәсілдердің қалыптасуына ықпал ететінін көрсетеді.