26 марта 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ «КҮМІС УНИВЕРСИТЕТ 55+» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА ДЕНСАУЛЫҚТЫ НЫҒАЙТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ЖАҢА КУРС БАСТАЛДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде аға буын өкілдеріне арналған «Күміс университет 55+» жобасы аясында кезекті білім беру бағдарламасы өз жұмысын бастады.

Университеттің кәсіби даярлау және біліктілікті арттыру ресурстық орталығында «Рационалды емдік және диеталық тамақтану» бағдарламасы бойынша курстар өткізілді.

Бағдарламаның мақсаты – тыңдаушыларға дұрыс және емдік тамақтану саласында теориялық білім мен практикалық дағдыларды қалыптастыру, жалпы денсаулық жағдайын жақсарту, тірек-қимыл жүйесін қолдау және егде жастағы өзгерістердің алдын алу. Сонымен қатар қатысушылар тейптеу әдісінің, яғни денеге арнайы серпімді ленталарды жапсыру арқылы ауырсынуды азайтуға, бұлшықет пен буындардың жұмысын жақсартуға бағытталған әдіс негіздерін меңгерді.

Сондай-ақ, тыңдаушылар егде жастағы адамдарға арналған дұрыс және емдік тамақтану қағидаларымен танысып, кең таралған созылмалы аурулар кезіндегі диеталық тамақтану ерекшеліктерін үйренеді. Бұдан бөлек, денсаулықты сақтаудың дәрі-дәрмексіз тәсілдері туралы мәлімет алып, ауырсыну мен ісінуді азайтуға бағытталған бастапқы әдістерді талқылап, өз-өзін қолдау деңгейін арттырып, өмір сапасын жақсартуға бағытталған жаттығуларды үйренеді.

Курсты медицина ғылымдарының кандидаты Гүлнара Куленова мен Анель Таранова жүргізді.

Сабақтар Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «Dana bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығы базасында ұйымдастырылды.

Айта кету керек, «Күміс университет 55+» жобасы – егде жастағы азаматтардың білім алу мүмкіндіктерін кеңейтуге, белсенді өмір салтын қалыптастыруға және олардың қоғамға бейімделуіне бағытталған маңызды әлеуметтік бастама.

Осындай курстарды жүзеге асыру қатысушылардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, олардың өмірлік белсенділігі мен ынтасын арттыруға ықпал етеді.