24 сәуір 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ АХҚО МАЙНОР-БАҒДАРЛАМАЛАРЫ ЕНГІЗІЛУДЕ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Астана» халықаралық қаржы орталығы Академиясы әзірлеген майнор-бағдарламаларды табыстау рәсімі өтті. Бағдарламалар қаржы саласының өзекті бағыттарын меңгеруге және студенттердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.

Майнор-бағдарламалар 3–4 ай аралығында жүргізілетін қысқа мерзімді сертификаттық курстар болып табылады. Олардың қатарында «Туынды бағалы қағаздар – опциондар», «Активтерді басқару», «Қаржы нарығын реттеу» және «Халықаралық коммерциялық дауларды шешу» курстары бар.

АХҚО Академиясының жоба жетекшісі Айгүл Қазбекова бағдарламалардың практикалық дағдыларға бағытталғанын және студенттердің еңбек нарығы талаптарына тез бейімделуіне көмектесетінін атап өтті. Өз кезегінде Аманжолов университетінің ректоры Мұхтар Төлеген заманауи білім беру стандарттарын енгізудің маңыздылығын атап өтіп, серіктестерге ынтымақтастық үшін алғыс білдірді.

Бастама Freedom Holding Corp. компаниясы мен «Freedom Шапағат» корпоративтік қорының қолдауымен жүзеге асырылды. Майнор-бағдарламалар бойынша оқу келесі оқу жылында басталады деп күтілуде, бұл студенттерге кәсіби тұрғыда дамуға қосымша мүмкіндіктер береді.