2 мамыр 2026


«ШАБЫТ» СТУДЕНТТІК ТЕАТРЫНЫҢ XI МАУСЫМЫ КЛАССИКАЛЫҚ ҚОЙЫЛЫММЕН ЖАБЫЛДЫ

Бүгін «Шабыт» студенттік театры үшін ерекше әрі маңызды күн болды. Театр ұжымы Қозы Көрпеш – Баян Сұлу трагедиясын сахналап, өзінің он бірінші шығармашылық маусымын ресми түрде қорытындылады. Аталған қойылым – театр тарихындағы алғашқы классикалық туынды ретінде ерекшеленеді.

Қойылымға дайындық бір жылға жуық уақытты қамтыса, соңғы бір айда дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілді. Классикалық шығарманы сахнаға шығару, оның мазмұнын көрерменге терең жеткізу – үлкен жауапкершілік. Бұл тұрғыда студент-актерлер үшін белгілі бір қиындықтар туындағанымен, қойылым олар үшін жаңа тәжірибе мен кәсіби шыңдалу алаңына айналды.

Сахналық туындының жоғары деңгейде өткенін көрермендердің ыстық ықыласы мен қошеметі айқын көрсетті. Қойылым соңында құрметті қонақтарға сөз беріліп, олар театр ұжымына өздерінің жылы лебіздері мен ізгі тілектерін білдірді.

Жыл сайынғы дәстүрге сәйкес, маусымжабар аясында театр түлектерін марапаттау рәсімі өтті. «Шабыт» студенттік театрының жетекшісі, Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театрының актері Хасенов Ертай Жұманұлы бітіруші шәкірттеріне алғыс хаттар табыстап, ақ жол тіледі.

Өз кезегінде театр түлегі Исатайқызы Айгерім «Шабыт» студенттік театрының оның өміріндегі ерекше орнына тоқталып, былай деді:

– Бүгінгі қойылым ерекше әсер қалдырды. Бұл нәтиженің артында үлкен еңбек пен тынымсыз дайындық жатыр. «Шабыт» студенттік театры маған тек сахна өнерін ғана емес, өмірлік тәжірибе де берді. Мұнда біз тек өнер үйреніп қана қоймай, ұмытылмас студенттік кезеңді бірге өткіздік. Театрдағы ерекше жылулық пен бірлікті тек осы ұжым мүшелері ғана толық сезіне алады. Осы төрт жылдық тәжірибем болашақта үлкен септігін тигізетініне сенімдімін. Бізге әрдайым қолдау көрсетіп келе жатқан Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетіне және университет ректоры Төлеген Мұхтар Әділбекұлына алғысымызды білдіреміз.

Аталған қойылым «Шабыт» студенттік театры үшін жаңа белеске бастайтын маңызды қадам болып, ұжымның шығармашылық әлеуетін айқындай түсті.