15 мамыр 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY ӨКІЛДЕРІ «АЛАМАН ҚҰРАҚ» ФЕСТИВАЛІНДЕ ТАРИХИ БАСТАМАҒА ҮЛЕС ҚОСТЫ

Отбасы күніне орай Өскемен қаласында ұйымдастырылған «Аламан құрақ» фестивалі ұлттық құндылықтарды ұлықтаған ерекше рухани әрі мәдени шараға айналды. Ауқымды іс-шара барысында әлемдік рекордты тіркеу жұмыстары жүргізіліп, қала тұрғындары мен қонақтары тарихи сәттің куәсі болды.

Фестиваль аясында еліміздің 17 облысынан келген 800-ге жуық шебердің қатысуымен ұзындығы 2 шақырымға созылған құрақ көрпе жайылды. Қазақ халқының қолөнер мұрасын дәріптеген бұл бастама ұлттық рух пен дәстүр сабақтастығын айшықтай түсті.

Ауқымды шарадан Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің оқытушылары мен студенттері де шет қалмай, белсенді түрде қатысты. Университет өкілдері ұлттық мәдени мұраны насихаттауға және қоғамдық маңызы зор бастамаларды қолдауға өз үлестерін қосты.

Қазақы нақыш пен ұлттық бірегейлікті дәріптеген фестиваль қатысушыларға ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар бұл шара жастардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттырып, дәстүр мен заманауи қоғам арасындағы байланысты нығайтуға бағытталды.

Айта кетейік, жайылған 2 шақырымдық құрақ көрпе «Global Best of Records» халықаралық рекордтар кітабына енгізілуі мүмкін. Ресми нәтиже бүгін жарияланады деп күтілуде.