29 мамыр 2026


«ЗҰЛМАТ ЖЫЛДАР ЖАҢҒЫРЫҒЫ: ҰМЫТЫЛМАС ТАРИХ САБАҚТАРЫ» АТТЫ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ

31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Зұлмат жылдар жаңғырығы: ұмытылмас тарих сабақтары» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Іс-шара университеттің №1 оқу ғимаратындағы 218 мәжіліс залында өтті. Дөңгелек үстелдің мақсаты – ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық кезеңдерінің тарихи тағылымын зерделеу, тоталитарлық жүйенің зардаптарын жас ұрпақ санасына жеткізу және тарихи жадыны сақтау мәселелерін талқылау болды.

Жиынға жоғары оқу орнының профессор-оқытушылар құрамы, зерттеушілер, магистранттар мен докторанттар, мектеп мұғалімдері және архив саласының мамандары қатысты.

Дөңгелек үстелді тарих ғылымдарының кандидаты, Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының қауымдастырылған профессоры Раушан Қалымбекқызы Нұрбекова жүргізді. Іс-шараның ашылуында гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты Слямбек Қалибекұлы Оразалин сөз сөйлеп, тарихи жадыны сақтаудың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар кафедра меңгерушісі Аяулы Қалымбекқызы Нұрбекова қатысушыларға сәттілік тілеп, тақырыптың өзектілігін атап өтті.

Дөңгелек үстел барысында саяси қуғын-сүргін, ашаршылық, Алаш зиялыларының тағдыры және тоталитарлық жүйенің қазақ қоғамына тигізген әсері туралы мазмұнды баяндамалар жасалды.

Тарих ғылымдарының кандидаты Әлия Әкімқызы Өскембай «С.Аманжолов – ұлт мүддесін қорғаған ғалым» тақырыбында баяндама жасап, ғалымның ұлттық руханияттағы орнына тоқталды. Шығыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архивінің бөлім басшысы Татьяна Владимировна Шустова архив құжаттары негізінде саяси репрессиялар тарихына қатысты тың деректермен бөлісті.

Сондай-ақ Өскемен қаласындағы Шәкәрім атындағы №1 орта мектептің директоры Әділ Сайлаубек тарих сабағында азаматтық құндылықтарды қалыптастыру жолдары туралы ой қозғады. Университет ғалымдары мен жас зерттеушілері ХХ ғасырдың 20–30 жылдарындағы қуғын-сүргін саясаты, Шығыс Қазақстан өңіріндегі репрессиялар, сталиндік кезеңдегі жазалау жүйесі, Алаш қайраткерлерінің қудалануы және ұлттық интеллигенцияның жойылуы тақырыптарында баяндамалар ұсынды.

Іс-шара барысында Азиза Рысқұлованың тағдыры мен ерлігі туралы баяндама ерекше қызығушылық тудырды. Сонымен қатар қатысушылар ұстаз туралы естеліктерімен бөлісіп, тарихи сабақтастық мәселелерін сөз етті.

Дөңгелек үстел соңында қатысушылар тоталитарлық кезең құрбандарын ұмытпау, тарихи әділеттілікті сақтау және жастардың тарихи санасын қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыру қажеттігін атап өтті. Іс-шара қорытындысында арнайы қарар қабылданды.