4 маусым 2026
АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Химия кафедрасында білім алушылар үшін құқық қорғау органдары қызметкерлерімен тағылымды кездесу ұйымдастырылды.
Кездесуге Өскемен қаласы полиция басқармасы Жедел-криминалистикалық басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Арман Жетілбекұлы Муликов, Өскемен қаласы полиция басқармасы Жедел-криминалистикалық басқармасының аға криминалисі, полиция майоры Айнұр Оралбекқызы Ахметова, Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті Жедел-криминалистикалық басқармасының криминалисі, полиция аға лейтенанты Зәуре Болатқызы және Өскемен қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызметкері, полиция лейтенанты Нұрасыл Дәуренұлы Мұратханов қатысты.
Іс-шара барысында құқық қорғау органдарының өкілдері өз қызметтерінің ерекшеліктері, криминалистика саласының даму бағыттары, заманауи тергеу әдістері мен полиция қызметкерлерінің кәсіби міндеттері туралы жан-жақты ақпарат берді. Мамандар нақты тәжірибеден мысалдар келтіріп, құқық қорғау саласындағы жауапкершілік пен кәсібиліктің маңыздылығына тоқталды.
Кездесу ашық диалог форматында өтіп, студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, сала мамандарынан мазмұнды жауаптар алды. Әсіресе криминалист мамандарының жұмысы, қылмыстық істерді тергеуде қолданылатын заманауи технологиялар мен дәлелдемелерді зерттеу әдістері білім алушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.
Мұндай кездесулер студенттердің құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың кәсіби көкжиегін кеңейтуге, азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруға және құқық қорғау органдарының қоғамдағы рөлін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Аманжолов университетінде жастардың жан-жақты дамуына бағытталған осындай танымдық және тәрбиелік іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.




