10 маусым 2026


ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНЫҢ ПРОРЕКТОРЛАРЫ AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДІҢ «DANA BALA» ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ТӘЖІРИБЕСІМЕН ТАНЫСТЫ

Бүгін Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Үздіксіз және инклюзивті білім беру «Dana bala» орталығына еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының өкілдері арнайы жұмыс сапарымен келді. Кездесудің басты мақсаты – инклюзивті білім беру саласында мамандар даярлау бойынша жинақталған озық тәжірибені зерделеу және оны республикалық деңгейде тарату.

Орталықтың қызметімен танысуға Қостанай өңірлік университетінің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Эльмира Кенжегалиевна Наурызбаева, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Айгүл Хайртаевна Нұрпейісова және Yessenov University академиялық мәселелер жөніндегі вице-президенті Рысгүл Қойшығұлқызы Әбілшеева қатысты.

Сапар барысында қонақтар «Dana bala» орталығының қызмет бағыттарымен, материалдық-техникалық базасымен, білім беру бағдарламаларымен және ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушыларды сүйемелдеу тәжірибесімен танысты. Сонымен қатар инклюзивті білім беру ортасында тиімді жұмыс істей алатын болашақ педагогтар мен мамандарды даярлау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Кездесу жоғары оқу орындары арасындағы кәсіби диалогты дамытуға және серіктестік байланыстарды нығайтуға мүмкіндік берді. Қатысушылар инклюзивті білім беру саласындағы үздік тәжірибелермен алмасып, білім беру сапасын арттыру және барлық білім алушылар үшін тең мүмкіндіктер қалыптастыру бағытындағы бірлескен жұмыстың маңыздылығын атап өтті.

Бүгінде «Dana bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығы қолжетімді әрі заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға, сондай-ақ білім беру жүйесінің заманауи талаптарына жауап беретін білікті мамандар даярлауға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Орталықтың тәжірибесі инклюзивті білім беруді дамытудағы тиімді модельдердің бірі ретінде жоғары бағалануда.