22 шілде 2026
ЛЕЙЛА БАЙЖУМАНОВА «АНА ТІЛІН ДАМЫТУҒА ҚОСҚАН ҮЛЕСІ ҮШІН» ТӨСБЕЛГІСІМЕН МАРАПАТТАЛДЫ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің жаратылыстану ғылымдарының магистрі, сениор-лекторы Лейла Төлеубайқызы Байжуманова Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» ведомстволық төсбелгісімен марапатталды.
Бұл марапат мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға, қазақ тілінің мәртебесін арттыруға және білім мен ғылым саласында қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге елеулі үлес қосқан азаматтарға табысталады. Аталған төсбелгі – ана тілін дамыту жолындағы еңбектің жоғары бағалануының айқын көрінісі.
Лейла Төлеубайқызы – жоғары білім беру саласында көпжылдық тәжірибесі бар білікті педагог. Ол 1987 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтын тәмамдап, кейін Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде жаратылыстану ғылымдарының магистрі академиялық дәрежесін алды. 1991 жылдан бері жоғары білім беру жүйесінде жемісті еңбек етіп келеді.
Бүгінде Лейла Төлеубайқызы «Өндірістік санитария», «Экотоксикология», «Төтенше жағдайлар медицинасы» пәндерінен дәріс оқып, болашақ мамандарды даярлауға елеулі үлес қосуда. Оның ғылыми-зерттеу жұмыстары Өскемен қаласының өнеркәсіп кәсіпорындары жұмысшыларының денсаулығы мен өндірістік ортаның әсерін зерттеуге бағытталған.
Ол оқу үдерісімен қатар университеттің қоғамдық өміріне де белсенді араласады. Әр жылдары қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы қызметін атқарып, талапкерлерге кәсіби бағдар беру жұмысына үлес қосты. Ал 2014 жылдан бері «Серпін» бағдарламасы штабының жетекшісі ретінде еліміздің әр өңірінен келген жастардың жоғары білім алуына және жаңа ортаға бейімделуіне қолдау көрсетіп келеді.
Лейла Төлеубайқызы кәсіби біліктілігін үнемі жетілдіріп отырады. Ол Түркияның Улудаг университетінде халықаралық тағылымдамадан өтіп, білім беру саласындағы заманауи тәжірибелерді меңгерді.
Көпжылдық еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Лейла Төлеубайқызы бұған дейін «Семей–Невада» халықаралық антиядролық қозғалысының Құрмет грамотасымен, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамоталарымен, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі мен облыстық мәслихатының марапаттарымен наградталған.
«Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» ведомстволық төсбелгісі – Лейла Төлеубайқызының көпжылдық ғылыми-педагогикалық қызметі мен мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге қосқан үлесінің жоғары бағалануы.


