21 тамыз 2026
AMANZHOLOV UNIVERSITY ДОКТОРАНТЫ ТАМПЕРЕДЕ ӨТКЕН ERC 2026 ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯСЫНДА ЗЕРТТЕУ НӘТИЖЕЛЕРІН ҰСЫНДЫ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің 8D01502 – «Физика» білім беру бағдарламасының докторанты Ахтанбердина Азиза ғылыми жетекшісі, PhD, қауымдастырылған профессор Баймолданова Лазат Сарқытбекқызымен бірге Финляндияның Tampere University университетінде өткен Emerging Researchers’ Conference (ERC 2026) халықаралық конференциясына қатысты.
Халықаралық ғылыми іс-шара European Educational Research Association (EERA) аясында ұйымдастырылып, білім беру саласындағы жас зерттеушілердің ғылыми ізденістерін таныстыруға және халықаралық академиялық ортада тәжірибе алмасуына мүмкіндік берді.
Конференция барысында Ахтанбердина Азиза докторлық диссертациясы аясында жүргізіп жатқан «Физиканы бейімдеп оқыту жағдайында жобалық оқытуды (Project-Based Learning) қолдану арқылы білім алушылардың аналитикалық дағдыларын дамыту» тақырыбындағы зерттеу нәтижелерін таныстырды.
Зерттеу барысында физиканы оқытуда жобалық оқыту, бейімделген тәсілдер және ойша эксперименттерді қолдану мүмкіндіктері қарастырылған. Негізгі назар білім алушылардың гипотеза құру, логикалық негіздеу, алынған нәтижелерді талдау және интерпретациялау сияқты аналитикалық дағдыларын дамытуға бағытталған.
Зерттеу нәтижелері білім алушылардың аналитикалық дағдыларының оң динамикасын көрсетіп, аталған тәсілдердің дайын жауаптарды іздеуден физикалық есептерді өз бетінше талдау мен шешуге көшуге ықпал ететінін айқындады.
Докторанттың ғылыми жетекшілері — физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Скаков Мажын Канапинович және PhD, қауымдастырылған профессор Баймолданова Лазат Сарқытбекқызы.
ERC 2026 конференциясына қатысу докторлық зерттеу нәтижелерін халықаралық академиялық қауымдастыққа таныстыруға, шетелдік ғалымдардан кәсіби кері байланыс алуға, ғылыми тәжірибе алмасуға және білім беру саласындағы заманауи зерттеу бағыттарымен танысуға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар докторант пен ғылыми жетекшінің конференцияға бірлесіп қатысуы диссертациялық зерттеудің алдағы кезеңдерін талқылап, оны педагогика ғылымының қазіргі үрдістері негізінде одан әрі жетілдіру бағыттарын айқындауға жол ашты.
Amanzholov University ұжымы Азиза Ахтанбердинаны халықаралық ғылыми конференцияға қатысуымен құттықтап, зерттеу жұмысына толағай табыс, жаңа ғылыми жетістіктер және докторлық диссертациясын сәтті аяқтауын тілейді!


