25 тамыз 2026


ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҒАЛЫМДАРДЫҢ ҒЫЛЫМИ ЖОБА АЯСЫНДА БЕЙЖІҢ ҚАЛАСЫНА ҒЫЛЫМИ ІССАПАРЫ

2026 жылғы тамыз айында қазақстандық ғалымдар – профессор Жібек Берлібекқызы Рахметулина және ғылыми қызметкер Ержан Бағданұлы Домалатов «Цифрлық экономиканы дамыту жағдайында адами капиталды басқару, еңбек ресурстарының сапасын арттыру» жобасын іске асыру аясында Бейжің қаласына ғылыми іссапармен барды.

Ғылыми іссапардың негізгі мақсаты – жоба аясында зерттеу жұмыстарын жүргізу, Қытайдың адами капиталды дамыту саласындағы тәжірибесін зерделеу және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту.

Іссапар барысында ғалымдар Peking University, Peking University Science Park, Guanghua School of Management ұйымдарына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігіне барды.

Білім беру, ғылыми және ғылыми-инновациялық ұйымдарға жасалған сапарлар барысында адами капиталды дамыту тәсілдері, университеттердің инновациялық ортамен өзара іс-қимылы және білім беру бағдарламаларын еңбек нарығының заманауи талаптарына бейімдеу мәселелері зерделенді.

Жүргізілген далалық зерттеулер цифрлық трансформация жағдайында кадр даярлаудың практикалық тәсілдерімен танысуға және Қазақстан мен Қытай тәжірибесін салыстырмалы талдау үшін қажетті материалдар жинақтауға мүмкіндік берді.

Іссапар кезеңінде Пекин қаласының ғылыми кітапханалық және ақпараттық ресурстарымен де жұмыс жүргізілді. Адами капитал, еңбек нарығының трансформациясы және кадр даярлау мәселелеріне қатысты ғылыми жарияланымдар, аналитикалық және статистикалық материалдар жинақталды.

Пекинде ғылыми іссапарда болған кезеңде, 2026 жылғы 23 тамызда, жоба қатысушылары Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарын сайлауға да қатысты. Дауыс беру Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігі жанында ұйымдастырылған №421 сайлау учаскесінде өтті. Осылайша, қазақстандық ғалымдар ел аумағынан тыс жерде жүрсе де, өздерінің конституциялық құқықтарын жүзеге асырып, еліміз үшін маңызды қоғамдық-саяси оқиғаға қатысты.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігінде ғалымдар Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты дамыту, ғылыми-білім беру байланыстарын кеңейту және заманауи кадрлар даярлауда шетелдік тәжірибені пайдалану перспективаларын талқылады.

Ғылыми зерттеу нәтижесінде Е.Б. Домалатов және Т.А. Абылайханова авторлығымен «Strategies for Developing Digital Competencies in Human Capital: A Comparative Analysis of Kazakhstan and China» атты ғылыми мақала дайындалды.

Ғылыми мақала Poltava State Agrarian University ұйымдастыратын 2026 жылғы «Strategic Management of the Agri-Food Sector in the Conditions of Economic Globalization: Security, Innovations, Leadership» IV International Scientific and Practical Conference конференциясына қатысу үшін жолданды.