3 қыркүйек 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ БОЛАШАҚ ЭРГОПЕДАГОГТЕРДІ ДАЯРЛАУДЫҢ ЖАҢА БЕЛЕСІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде болашақ эргопедагогтерді даярлаудың жаңа кезеңі басталды. Психология және коррекциялық педагогика кафедрасында «Эргопедагогика, эрготерапия (эргореабилитация) мамандануымен» бірлескен білім беру бағдарламасы бойынша білім алып жатқан студенттер үшін Семей медицина университетінде медициналық бағыттағы сабақтар ұйымдастырылуда.

Бірлескен білім беру бағдарламасының ерекшелігі – болашақ мамандардың педагогикалық және психологиялық білімдерін медициналық-реабилитациялық бағыттағы кәсіби даярлықпен ұштастыру. Бұл тәсіл эргопедагогтердің әртүрлі даму және денсаулық ерекшеліктері бар балалармен және ересектермен жұмыс істеуіне қажетті кешенді құзыреттерді қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Үшінші семестр барысында студенттер адам ағзасының құрылысы мен қызметі, әртүрлі бұзылыстардың ерекшеліктері, олардың адамның қимыл-қозғалысы мен функционалдық белсенділігіне ықпалы туралы базалық медициналық білім алады. Оқу бағдарламасына «Эрготерапиядағы функционалдық және визуалды диагностика», «Эрготерапиядағы психопатология негіздері», «Эрготерапиядағы травматология және ортопедия негіздері», «Қозғалыс биомеханикасы» сияқты кәсіби пәндер енгізілген.

Сабақтарды Семей медицина университетінің медициналық реабилитология және неонатология кафедрасының профессор-оқытушылары жүргізуде. Мұндай академиялық ықпалдастық студенттерге медицина, реабилитация, педагогика және психология салаларындағы білімдерді өзара байланыстыра отырып меңгеруге жол ашады.

Пәнаралық даярлықтың маңызы – болашақ эргопедагогтердің адамның функционалдық мүмкіндіктерін жан-жақты түсінуінде. Атап айтқанда, тірек-қимыл аппараты, көру және есту бұзылыстары, аутизм спектрінің бұзылыстары және басқа да даму ерекшеліктері бар адамдармен кәсіби жұмыс жүргізу үшін медициналық негіздерді білу маңызды.

Алынған медициналық білім студенттердің эрготерапия және эргореабилитация технологияларын терең меңгеруіне, оларды кәсіби тәжірибеде ғылыми негізде және тиімді қолдануына берік негіз қалыптастырады.

AMANZHOLOV UNIVERSITY мен Семей медицина университетінің бірлескен даярлық жұмысы – заманауи еңбек нарығына бейімделген, бірнеше кәсіби бағыттың білімін үйлестіре алатын жаңа буын мамандарын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Бұл бастама университеттің білім беру мазмұнын жаңғыртуға, пәнаралық байланысты күшейтуге және ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қолдауға бағытталған заманауи кәсіби даярлықтың жаңа мүмкіндіктерін дамытуға жол ашады.