4 қыркүйек 2026
ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ: ЗАМАНАУИ ТЕХНОЛОГИЯНЫҢ МҮМКІНДІКТЕРІ МЕН МАҢЫЗЫ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде білім алушыларға жасанды интеллекттің заманауи мүмкіндіктері мен қолдану бағыттарына арналған сабақ өтті. Сабақты Экология және география кафедрасының биология ғылымдарының докторы, профессоры Күлзипа Жүсіпқызы Дакиева өткізді.
Сабақ барысында жасанды интеллект ұғымы, оның негізгі мүмкіндіктері және тар ауқымды жасанды интеллекттің мақсаты қарастырылды. Жасанды интеллект – машиналардың адам интеллектіне тән қабілеттерді, соның ішінде үйрену, пайымдау, мәселелерді шешу, ақпаратты қабылдау және тілді түсіну үдерістерін модельдеу мүмкіндігі.
Сонымен қатар жасанды интеллекттің даму тарихына тоқталып, оның қалыптасуының негізгі кезеңдері талқыланды. Атап айтқанда, жасанды интеллект саласының дамуы 1950 жылдардан бастау алғаны атап өтілді.
Сабақта табиғи тілді өңдеу (NLP) технологиясына да ерекше назар аударылды. NLP – компьютерлер мен адамның табиғи тілі арасындағы өзара әрекеттестікті зерттейтін жасанды интеллект саласы. Бұл технологиялар мәтінді түсінуге, интерпретациялауға және жаңа мәтін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, робототехника мен жасанды интеллекттің өзара байланысы қарастырылды. Робототехника жасанды интеллектті физикалық құрылғылармен ұштастырып, машиналардың нақты әлеммен әрекеттесуіне мүмкіндік береді. Қазіргі заманғы роботтар навигация, нысандармен жұмыс істеу, нақты уақыт режимінде шешім қабылдау және қоршаған ортадағы өзгерістерге бейімделу үшін жасанды интеллект технологияларын қолданады.
Сабақ барысында жасанды интеллекттің адамды алмастыратын құрал емес, күрделі міндеттерді шешуге мүмкіндік беретін қуатты технологиялық құрал екені атап өтілді. Оның болашағы бұл технологияны адамның қалай пайдаланатынына байланысты.
Осы тұрғыда жасанды интеллектіні жауапкершілікпен дамыту, этикалық қағидаларды сақтау және адам бақылауын қамтамасыз ету – технологияның қоғам игілігіне қызмет етуінің маңызды шарттары. Заманауи технологияларды тиімді әрі саналы пайдалану білім беру мен ғылыми-зерттеу салаларының дамуына жаңа мүмкіндіктер береді.




