14 қазан 2026


АКАДЕМИЯЛЫҚ ҰТҚЫРЛЫҚ – ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРГЕ БАСТАР ЖОЛ

Академиялық ұтқырлық бағдарламасы студенттерге халықаралық білім беру тәжірибесін игеруге, өзге елдердің мәдениетімен танысуға және кәсіби әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің білім алушысы Құмарғазы Айым Медетқызы да осы бағдарлама аясында білімін жетілдіріп, жаңа ортада тәжірибе жинақтап жүр.

Студенттің айтуынша, өзі білім алып жатқан университет заманауи инфрақұрылымымен, дамыған электрондық жүйесімен және білім алушыларға жасалған қолайлы жағдайларымен ерекшеленеді. Оқу ғимараттары, жатақханалар, спорт залдары, кітапхана мен дүкендердің бір аумақта орналасуы студенттердің күнделікті өмірін жеңілдетеді. Сонымен қатар университеттің жасыл желекке бөленген көрікті кампусы да ерекше әсер қалдырған.

Академиялық ұтқырлықтың тағы бір артықшылығы – халықаралық ортада тәжірибе жинақтау. Бағдарлама барысында Айым әлемнің әртүрлі елдерінен келген студенттермен танысып, олардың мәдениеті мен салт-дәстүрлерін жақынырақ білуге мүмкіндік алған. Жаңа ортаға бейімделу, түрлі іс-шараларға қатысу және жаңа достар табу оның дүниетанымын кеңейтіп, студенттік өмірін мазмұнды ете түскен.

Білім алушы үшін тілдік дағдыларын дамыту да маңызды нәтижелердің бірі болды. Күнделікті қарым-қатынас пен оқу сабақтары түрік және ағылшын тілдеріндегі сөйлеу дағдыларын жетілдіріп, сөздік қорын молайтуға ықпал етуде. Сонымен қатар студент өз бетінше шешім қабылдау, уақытты тиімді жоспарлау және түрлі мәдениет өкілдерімен еркін қарым-қатынас орнату тәжірибесін жинақтап жүр.

«Академиялық ұтқырлық бағдарламасы маған халықаралық тәжірибе жинақтауға, білімімді тереңдетуге және болашақ мамандығыма жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік берді. Өзге елдің білім беру жүйесімен танысып, оқытудың жаңа әдістерін меңгеру тұлғалық және кәсіби дамуыма оң ықпал етті. Бұл тәжірибе өзіме деген сенімділігімді арттырып, болашақ мақсаттарымды айқындауға көмектесті. Менің ойымша, академиялық ұтқырлық – әрбір студенттің білімін толықтырып, ой-өрісін кеңейтетін және жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын құнды тәжірибе», – дейді Құмарғазы Айым Медетқызы.

Академиялық ұтқырлық бағдарламасы студенттердің халықаралық тәжірибесін байытып қана қоймай, олардың тілдік құзыреттерін жетілдіруге, дербестігін дамытуға және кәсіби қалыптасуына ықпал етеді. Мұндай мүмкіндіктер жастардың білім көкжиегін кеңейтіп, болашақтағы кәсіби жетістіктеріне берік негіз қалайды.