20 қазан 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ «ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІНІҢ ТАРИХИ КЕЗЕҢДЕРІ» АТТЫ АШЫҚ ДӘРІС ӨТТІ

Қазақстан Республикасы күні қарсаңында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Қазақ мемлекеттілігінің тарихи кезеңдері» тақырыбында ашық дәріс өтті. Дәрісті Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Әлия Өскембай жүргізді.

Дәріте білім алушылар қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы мен дамуының негізгі кезеңдерімен, мемлекеттің құрылуына негіз болған тарихи алғышарттармен және ел тарихында маңызды рөл атқарған оқиғалармен танысты. Сонымен қатар тарихи дәуірлер сабақтастығы мен Қазақстанның қазіргі мемлекеттілігін қалыптастырудағы ұлттық мұраның маңызына ерекше назар аударылды.

Дәрістің жеке бөлімі Республика күнінің мерекелену тарихына арналды. 2022 жылғы 16 шілдеде Ұлттық құрылтай отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынып, оның мемлекеттіліктің қалыптасу жолындағы тарихи маңызын атап өтті. Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, 25 қазан қайтадан ұлттық мереке мәртебесіне ие болды, ал 16 желтоқсан мемлекеттік мереке ретінде сақталды.

Дәріскер Қазақстан аумағындағы мемлекеттіліктің пайда болуы мен даму тарихын археологиялық, антропологиялық, лингвистикалық және тарихи деректерге сүйене отырып, жан-жақты түсіндірді. Материалдар ежелгі дәуірден қазіргі кезеңге дейін хронологиялық ретпен ұсынылып, білім алушыларға қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуына ықпал еткен тарихи үдерістерді жүйелі түрде зерделеуге мүмкіндік берді.

Ашық дәрістің маңызды бөлігі мемлекетіміздің қалыптасуы мен нығаюына елеулі үлес қосқан тарихи тұлғалардың қызметіне арналды. Олардың өмір жолы мен тарихи мұрасы негізінде азаматтық жауапкершілік, отансүйгіштік және туған елдің тарихына құрметпен қарау мәселелері талқыланды.

Ашық дәріс білім алушылардың тарихи танымын тереңдетіп, дүниетанымын кеңейтуге және ұлттық мұраға деген қызығушылығын арттыруға ықпал етті. Республика күні қарсаңында осындай тағылымды іс-шараларды өткізу жастардың тәуелсіз Қазақстанның тарихи негіздерін тереңірек түсінуіне және ел болашағы алдындағы жауапкершілігін сезінуіне жол ашады.