30 қазан 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІ: СҮТ САЛАСЫНДАҒЫ ҒЫЛЫМИ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің зерттеу тобының мүшесі Л.М. Ахметова 2026 жылғы 27–30 қазан аралығында Астана қаласында ғылыми іссапарда болды. Іссапар ИРН АР26101867 «Цифрлық логистика жағдайында өңірдің агроөнеркәсіптік кешенінің сүт өнімдері кіші жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру» ғылыми жобасы аясында ұйымдастырылды.

Іссапардың негізгі мақсаты – Қазақстанның сүт саласының қазіргі жағдайын, мемлекеттік қолдау тетіктері мен инвестициялық белсенділікті зерделеу, сондай-ақ сүт өнімдерін жеткізу тізбектерін басқаруда цифрлық технологияларды қолдану мүмкіндіктерін зерттеу.

Сапар аясында Экономикалық зерттеулер институтының (ERI) Өңірлік зерттеулер және өмір сапасы орталығы директорының орынбасары А.К. Аманжоловамен жұмыс кездесуі өтті. Тараптар Қазақстанның сүт саласын дамытудың өзекті мәселелерін, мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін, инвестициялық белсенділікті және сүт өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігіне ықпал ететін экономикалық факторларды талқылады. Сонымен қатар өңірлік даму ерекшеліктері, сүт өнімдерін өндіру мен тасымалдау тиімділігін арттыру жолдары қарастырылды.

Сондай-ақ Сүтті және аралас тұқымды ірі қара мал республикалық палатасының менеджерімен кездесу ұйымдастырылды. Кездесу барысында асыл тұқымды сүтті мал шаруашылығын дамыту, ірі қара мал өнімділігін арттыру, сүт фермаларын жаңғырту және өндіріс үдерісіне заманауи технологияларды енгізу мәселелері сөз болды. Бұдан бөлек, мемлекеттік қолдау тетіктері мен сүт шикізатын өндірушілер және қайта өңдеу кәсіпорындары арасындағы байланысты жетілдіру бағыттары талқыланды.

Ғылыми байланыстарды нығайту мақсатында С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің Бизнес және цифрлық технологиялар институтының профессор-оқытушылар құрамының өкілдері Д. Женсхан, Г.Т. Кунафина және З.С. Мухамбетованың қатысуымен ғылыми кездесу өтті. Кездесу кезінде зерттеушілер өзара тәжірибе алмасып, сүт саласын зерттеудің әдіснамалық тәсілдерін, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру жолдарын және жеткізу тізбектерін оңтайландыруда цифрлық технологияларды пайдалану перспективаларын қарастырды.

Өткізілген кездесулер нәтижесінде сүт саласының дамуына әсер ететін бірқатар өзекті мәселелер айқындалды. Атап айтқанда, өнімнің өзіндік құнын қалыптастыру, сүт шикізатын жинау мен сақтау инфрақұрылымын жетілдіру, сатып алу бағаларын қалыптастыру, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен қайта өңдеу кәсіпорындары арасындағы өзара іс-қимыл тиімділігін арттыру мәселелеріне басымдық берілді.

Ғылыми іссапар аясында жинақталған ақпарат, сараптамалық пікірлер мен ұсыныстар жобаның алдағы зерттеу жұмыстарына негіз болады. Алынған нәтижелер өңірдің агроөнеркәсіптік кешеніндегі сүт өнімдері кіші жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған ғылыми-практикалық шешімдерді әзірлеуге ықпал етеді.