3 қараша 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ШЕТЕЛДІК ҒАЛЫМ ҒЫЛЫМИ ЗЕРТХАНАЛАРДЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Шетелдік ғалымдарды тарту бағдарламасы аясында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Экология және география кафедрасына келген география ғылымдарының докторы, Алтай мемлекеттік университеті География институтының экономикалық география және картография кафедрасының профессоры Александр Николаевич Дунец университеттің ғылыми-зерттеу инфрақұрылымымен танысты.

Ғалым кафедра докторанттарымен бірге Ұжымдық қолданыстағы ұлттық ғылыми зертхананың бөлімшелерін аралады. Атап айтқанда, «Беттік инженерия және трибология» ғылыми-зерттеу орталығының трибологиялық сынақтар, электролиттік-плазмалық өңдеу, термиялық сынақтар және газтермиялық технологиялар зертханаларының жұмысымен танысты. Сонымен қатар университеттің STEM-орталығын аралады.

Таныстыру кезінде ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізгі бағыттары, заманауи зертханалық жабдықтардың мүмкіндіктері және эксперименттік зерттеулер жүргізу жағдайлары туралы ақпарат берілді. Ғалымға университеттің ғылыми әлеуеті мен зертханалық базасы таныстырылды.

Кездесу кезінде докторлық диссертацияларды дайындау мен пәнаралық ғылыми жобаларды жүзеге асыруда зертханалық инфрақұрылымды тиімді пайдалану мәселелері талқыланды. Сондай-ақ ғалымдар, оқытушылар мен жас зерттеушілер арасындағы ғылыми байланыстарды нығайтуға, тәжірибе алмасуға және бірлескен зерттеулер жүргізуге басымдық берілді.

Мұндай кездесулер халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға, университеттің зерттеу әлеуетін арттыруға және докторанттардың ғылыми ізденістеріне жаңа мүмкіндіктер ашуға ықпал етеді.