3 қараша 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY QS ASIA 2027 РЕЙТИНГІНДЕ 64 ОРЫНҒА КӨТЕРІЛДІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті QS Asia University Rankings 2027 халықаралық рейтингіндегі көрсеткішін жақсартып, Азияның жоғары оқу орындары арасында 618-орынға ие болды. Университеттің жалпы нәтижесі 28,1 балды құрады.

Өткен жылғы рейтингте Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті 682-орында болған еді. Осылайша, бір жыл ішінде 64 орынға көтеріліп, халықаралық рейтингтегі позициясын жақсартты.

Сонымен қатар, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті Орталық Азия университеттері арасында 40-орынға, ал Қазақстанның жоғары оқу орындары арасында 23-орынға тұрақтады.

Бұл көрсеткіш университеттің білім беру сапасын арттыру, ғылыми-зерттеу қызметін дамыту, академиялық беделін нығайту және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту бағытындағы жүйелі жұмысының нәтижесін көрсетеді.

Қол жеткізілген жетістік – профессор-оқытушылар құрамының, ғалымдардың, қызметкерлердің, білім алушылардың және халықаралық серіктестердің ортақ еңбегінің жемісі.

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті алдағы уақытта да ғылыми әлеуетін арттыруға, халықаралық білім беру бағдарламаларын дамытуға және академиялық ұтқырлықты кеңейтуге басымдық беріп, әлемдік білім кеңістігіндегі позициясын нығайта түседі.