27 Мамыр 2024


AMANZHOLOV UNIVERSITY ҒАЛЫМДАРЫ ДЕФЕКТОЛОГҚА АРНАЛҒАН ИНТЕРАКТИВТІ ҮСТЕЛ ҚҰРАСТЫРДЫ

Инновациялық үстел сөйлеуде қиындықтары бар, тілі кеш шыққан балаларға көмектесетін заманауи құралдармен жабдықталған. Оның басты артықшылығы – қазақ тіліндегі авторлық логопедиялық әзірлемелер мен түзету әдістемелерінің болуында.

Логопедтер мен дефектологтарға арналған Қазақстанда баламасы жоқ интерактивті үстелге сенсорлық моноблок, интерактивті панель, кәсіби логопедиялық айна, логопедиялық карточкалар мен әдістемелік материал кіреді. Дыбыстарды және қарапайым математикалық көріністерді автоматтандыруға арналған 100-ден астам тапсырма да бар. Сондай-ақ, оларды сөйлеу қабілеті нашар, психикалық дамуы тежелген немесе ақыл-есінде кінәраты бар балаларды түзету үшін қолдануға болады.

Бұл көпфункционалды жабдық фонетикалық қабылдау, визуалды және ауызша есте сақтау, ауызша-логикалық ойлау, дыбыстардың дұрыс айтылуы, екпін қою қиындықтарында көп пайдасын тигізеді. Бүгінгі таңда үстел мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында, түзету балабақшаларында, оңалту орталықтарында, түзету кабинеттерінде сынақтан өткен, – дейді жоғары біліктілік санатындағы логопед-дефектолог, Психология және түзету педагогикасы кафедрасының сеньор-лекторы, дефектология магистрі Рауан Байчинов.

Үстел интерактивті және практикалық әдістерді алмастырып отыруға мүмкіндік береді. Егер бала сенсорлық моноблокта үйренгісі келмесе, онда әдістемелік материалмен жұмыс істей алады. Айта кетейік, құрастырылған бұл үстел моделі – С. Аманжолов атындағы ШҚУ «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды психологиялық-педагогикалық даярлау және әдістемелік-технологиялық қолдау жөніндегі құзыреттер орталығы» жобасының сәтті шыққан әзірлемелерінің бірі.

Жоба жетекшісі ф.-м.ғ.к., С. Аманжолов атындағы ШҚУ-дың Физика және технологиялар кафедрасының профессоры Досым Ерболатұлы.