16 августа 2024


ШҚУ-ДА ПЕДАГОГ-АССИСТЕНТТЕРГЕ АРНАЛҒАН КУРС ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды психологиялық-педагогикалық даярлау және әдістемелік-технологиялық қолдау құзыреттер орталығы» жобасы аясында Кәсіби даярлау және біліктілікті арттыру ресурстық орталығымен бірге «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды сүйемелдеу бойынша педагог-ассистенттің кәсіби құзыреттіліктерін дамыту» тақырыбында біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылды.

Айта кетейік, бұл курс ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі бекіткен педагогтардың біліктілігін арттырудың білім беру бағдарламаларының тізіміне енгізілген. Және жұмысқа орналасу кезінде ескеріледі.
Оқыту барысында жалпы білім беретін мектептердің педагогтары практикалық дағдылар мен теориялық білім алды.

-Соңғы жылдары мектептерде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға оқу процесінде ғана емес, әлеуметтік бейімделуде де көп көмек көрсетіп жатқан педагог-ассистенттер. Бұл қызметке сұраныс жоғары, сондықтан біліктілікті арттыру өзекті, — деп атап өтті «Dana bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығының басшысы Алима Алипова.

-Мен педагог-ассистент ретінде жұмыс істеп келе жатқаныма бір жыл болды. Бұл бір мезгілде қиын да, қызықты. Бұл курс маған жаңа дағдыларды дамытуға көмектесті. Әсіресе, қатысушылар үшін көптеген практикалық сабақтар болғаны ерекше ұнады, — деп бөлісті курс тыңдаушысы Сымбат Талғатқызы.

Айта кетейік, оқу соңында барлық қатысушылар сертификат алды.