5 декабря 2024
ШҚУ-ДА «MEMLEKETTIK QYZMET: МҮМКІНДІКТЕРІ МЕН БОЛАШАҒЫ» ФОРУМЫ ӨТТІ
«Memlekettik Qyzmet: Мүмкіндіктері мен Болашағы» форумы аясында С.Аманжолов атындағы ШҚУ студенттері инновациялық HR-құралдарын кеңінен қолдану, мансаптың қарқынды өсуі, мемлекеттік қызметшілерді әлеуметтік қолдау жайлы толық ақпараттанды.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің ШҚО бойынша департамент жетекшісі Ержан Айқымбеков мемлекеттік қызмет жайлы барлық қызықтырған сұрақтарға жауап беріп, қызметтің мүмкіндіктері мен артықшылығына кеңінен тоқталды.
Оның айтуынша, қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдарда 236 бос жұмыс орны бар. Жаңадан құрылған ауылдық жерлер мен аудандарда кадр тапшылығы айқын сезіледі. Мемлекеттік грант иегерлері жоғары оқу орнын жақсы көрсеткішпен бітірсе ауылдық, аудандық жерлерде қиындықсыз жұмысқа тұра алады. Бүгінде ел көлемінде 420 жоғары оқу орынының түлегі байқаудан өтпестен жұмысқа орналасқан.
— Мемлекеттік грант иегерлері жоғары оқу орынын 3,33 GPA-мен аяқтаса, бір жыл көлемінде мемқызметке конкурссыз жұмысқа орналаса алады. Тесттілеуден өтпей-ақ ауылда, ауданда, қалада атқарушы лауазымында жұмыс істей алады,- деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Ержан, Айқымбеков.
Бітіруші курс студенттері мемлекеттік қызметтің артықшылығы мен күрделі тұстарын, еңбекақы көлемін және мансаптың өсу қарқыны жайлы нақты ақпараттармен танысты. Бас спикер ауылдық жерлерде жұмыс істеушілерге мемлекет тарапынан көтермеақы, жеңілдетілген несилер берілетінін және тәжірибенің өсуіне орай еңбекақының да артып отыратын баса айтты.
Сондай-ақ, форум аясында «Қазіргі қоғамдағы мемлекеттік қызмет: міндеттер, мүмкіндіктер және болашақ» талқылау панелі және «Адал азаматтың бейнесі және қазіргі жастар» панелді сессиясы өтті. Спикер Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясының аға оқытушысы Гүлфия Берікболова болды.
— Алдағы қаңтарда бітіруші курс студенттерімен бірге жас мемлекеттік қызметші мектебінде ауқымды оқыту курсы басталады. Бүгін мен мемлекеттік қызметтегі жұмысшының кәсіби шеберлігін, құзіреттілік дағдысын қалай дамыту керектігі жөнінде айттым. Студенттермен белсенді кері байланыс орнады. Бүгінгі шараның тренинг форматта өтуі ұтымды болды, — деді Спикер Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясының аға оқытушысы Гүлфия Берікболова.
Сондай-ақ жергілікті атқарушы орган өкілдері бос лауазымдар форумы аясында түлектерге басқармалардағы және мемлекеттік қызмет департаментіндегі бос жұмыс оырндарынан жәрмеңке ұйымдастырды.
— Қазіргі таңда мемлекеттік қызметкерлердің 60-70 проценті біздің жоғары оқу орынының түлектері. Бұл шара біздің бітіруші түлектерге де мемлекеттік органдарға да маңызды деп санаймын. Бүгін біздің студенттер болашақта жұмысқа орналасу және іс-тәжірибеден өту үшін қажетті, маңызды ақпараттармен танысты. Облыс орталығындағы ғана емес, жекелеген аудан, ауылдардағы бос жұмыс орындары жайлы білді, — деді Жаннель Болатова «Professional Upgrading» Мансап орталығының жетекшісі.
Атап өтейік, барлық вакансияларды EQYZMET ашық порталынан бақылап отыруға болады. Сондай-ақ ашық алаңда онлайн түрде байқаудан өтуге мүмкіндік жасалған. Кандидаттар әлемнің кез келген нүктесінен немесе кез келген жерден мемлекеттік қызметке іріктеуден өте алады.