15 июля 2025


ӘСКЕРИ КАФЕДРА СТУДЕНТТЕРІ ПОЛИГОНДА ЖАУЫНГЕРЛІК АТУ ОҚУ-ЖАТТЫҒУЛАРЫН ӨТТІ

Шығыс Қазақстан университетінің Қабанбай батыр атындағы әскери кафедрасы базасында оқу-жаттығу жиындары өтуде. Практикалық сабақтар аясында студенттер 27943 әскери бөлім ұсынған оқу полигонына аттанды.

Дала жағдайында 140 студент, оның ішінде 15 қыз курсант, АК-74 автоматы, Макаров тапаншасы және ПКТ пулеметінен жауынгерлік ату нормативтерін орындады. Бұл жаттығулар бірнеше аптаға созылған университеттегі дайындықтың қорытынды кезеңі болды. Осы уақыт аралығында болашақ офицерлер мен сержанттар тактика негіздерін, атыс дайындығын және әскери тәртіпті меңгерді.

Әскери кафедраның студенті Мария Колчинаның айтуынша, жауынгерлік атуларға қатысу – үлкен тәжірибе көзі болған.

— Бүгін біз өзімізді нағыз сарбаз сезіндік, өйткені теорияда меңгерген білімімізді іс жүзінде қолдана алдық. Мен жақсы нәтиже көрсете алдым. Әрқайсымызды Отан қорғаушы деп атауға толық негіз бар деп есептеймін, — деді ол.

Әскери кафедра бастығы Александр Керенцевтің айтуынша, жиындардың негізгі мақсаты – курсанттардың практикалық машықтарын қалыптастыру.

— Жаттығулардың ерекше маңыздылығы — курсанттардың жоғары нәтижелер көрсетуі. Бұл – біздің оқыту әдістемеміздің тиімділігін және студенттердің елге қызмет етуге деген ынтасын айғақтайды, — деп атап өтті ол.

Оқу-жаттығу жиындары алдағы апталарда жалғасып, әскери ант қабылдау рәсімімен аяқталады.