14 мамыр 2026
AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ҒЫЛЫМИ-ӨНДІРІСТІК ЭКСКУРСИЯ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ
Директорлар кеңесінің төрағасы – Рахимжанов Амерхан Мұратбекұлының қатысуымен Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде білім алушылар мен қонақтарға арналған танымдық экскурсия ұйымдастырылды. Қатысушылар университеттің ғылыми-зерттеу және өндірістік бағыттағы бірқатар маңызды жобаларымен танысты. Экскурсияның мақсаты – жастарға заманауи технологиялардың мүмкіндіктерін көрсету, ғылыми ізденістер мен өндірістік үдерістердің тәжірибелік маңызын түсіндіру.
Экскурсия барысында қатысушылар үш негізгі бағыттағы жұмысымен танысты.
Алдымен AquaHub өндірістік цехының қызметі таныстырылды. Мұнда ауыз суды кешенді тазартуға арналған үш сатылы фильтр жүйесі жасалады. Бірінші кезеңде полипропилен талшығынан жасалған картридж судағы механикалық қоспаларды (ржавчина, лай, саз) сүзеді. Екінші кезеңде белсендірілген көмір мен графен оксиді негізіндегі картридж ауыр металдарды (қорғасын, сынап, кадмий), хлор және органикалық қоспаларды жояды. Үшінші кезеңде шунгит пен графен оксиді негізіндегі картридж бактериялар мен вирустарды, сондай-ақ еріген металдарды қосымша тазартады. Сонымен қатар цехта төмен тығыздықтағы полиэтиленнен фильтр корпустары толықтай өндіріліп, термопласт аппараттар арқылы дайындалады. Бұл жоба отандық су тазарту жүйелерін дамытуға және тұрмыстық шығындарды азайтуға бағытталған.
Келесі таныстырылған бағыт – AP26103881 ғылыми жобасы. Жоба энергетикалық машина жасау саласында жоғары температуралы коррозия мен тозуға төзімді қорғаныш жабындарын әзірлеуге арналған. Бұл мақсатта өздігінен балқитын Ni–Cr–B–Si негізіндегі ұнтақтар пайдаланылады. Ғалымдар газотермиялық бүрку мен лазерлік өңдеу технологияларын біріктіре отырып, бөлшектердің қызмет ету мерзімін арттыратын интеграцияланған технологиялық процесс жасауда. Жобаның нәтижелері энергетика, машина жасау және мұнай-газ салаларында қолдануға бағытталған және өндірістік қауіпсіздік пен тиімділікті арттыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ қатысушылар университеттің Цифрлық технологиялар және модельдеу зертханасының жұмысымен танысты. Бұл зертханада агротехнологиялық шешімдер қабылдауға арналған интеллектуалды жүйелер әзірленуде. Жобалар аясында дрондар, метеостанциялар, топырақ сенсорлары және жасанды интеллект технологиялары біріктіріліп, ауыл шаруашылығына арналған бірыңғай агропортал жасалған. Жүйе егістік алқаптарын цифрландыру, вегетациялық индекстерді есептеу, өнім жағдайын талдау және агрономдарға нақты ұсыныстар беру мүмкіндігін қамтиды. Сонымен қатар су режимін болжау, климаттық өзгерістерді бақылау және төтенше жағдайларды алдын ала болжау бағытында да зерттеулер жүргізілуде.
Экскурсия барысында қатысушылар университеттің ғылыми әлеуетімен, заманауи зертханаларымен және өндірістік мүмкіндіктерімен кеңінен танысып, теория мен практиканың байланысын айқын көре алды. Мұндай экскурсиялар жастардың ғылымға деген қызығушылығын арттырып, кәсіби бағыт-бағдарын айқындауға үлкен мүмкіндік береді.









