21 қыркүйек 2026
AMANZHOLOV UNIVERSITY: ҚЫТАЙ ТӘЖІРИБЕСІ – ЦИФРЛЫҚ ДАМУҒА ЖАҢА МҮМКІНДІК
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің делегациясы Қытай Халық Республикасының Фучжоу қаласында өткен халықаралық жұмыс сапары аясында жоғары білім берудегі цифрлық трансформация, жасанды интеллект және заманауи университет инфрақұрылымын дамыту бағытындағы тәжірибелермен танысты.
2026 жылғы 7–12 қыркүйек аралығында ұйымдастырылған сапар KazRENA және Ruijie Networks компанияларының қолдауымен өтті. Университет делегациясының құрамында Еркат Бигалиұлы Мұқажанов пен Балғын Ділдебай болды.
Сапардың негізгі мақсаты – жоғары білім беру жүйесіндегі цифрлық шешімдерді зерделеу, жасанды интеллект технологияларын білім беру үдерісіне енгізу тәжірибесін зерттеу және университеттің цифрлық инфрақұрылымын жетілдіруге бағытталған заманауи тәсілдермен танысу.
Жұмыс сапары барысында делегация Ruijie Networks компаниясының штаб-пәтеріне, ғылыми-зерттеу орталығына және өндірістік кешеніне барып, желілік технологиялар, цифрлық кампус және интеллектуалды басқару жүйелері саласындағы әзірлемелерді көрді. Кездесулер кезінде цифрлық инфрақұрылымды дамыту, заманауи IT-шешімдерді білім беру ортасына бейімдеу және технологиялық үдерістерді басқару мәселелері қарастырылды.
Сондай-ақ делегация Фучжоу университеті мен Фуцзянь дәстүрлі қытай медицинасы университетінде болып, жоғары білім берудегі цифрлық экожүйелерді қалыптастыру тәжірибесімен танысты. Университет өкілдерімен өткен кездесулерде жасанды интеллект құралдарын қолдану, цифрлық кампус құру және білім беру инфрақұрылымын технологиялық жаңғырту бағыттары талқыланды.
Сапар аясында жасанды интеллект, үлкен тілдік модельдер, цифрлық кампус және білім беру үдерісін технологиялық қолдау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қытайдың жоғары білім беру жүйесінде қолданылып отырған заманауи технологиялық шешімдер университеттің цифрлық даму перспективаларын зерделеуге мүмкіндік берді.
Халықаралық жұмыс сапары Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің шетелдік әріптестермен кәсіби байланысын нығайтып, цифрлық трансформация мен инновациялық технологияларды дамыту бағытындағы жаңа мүмкіндіктерді қарастыруға жол ашты.
Қытай тәжірибесін зерделеу – Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің заманауи білім беру ортасын қалыптастыру, цифрлық инфрақұрылымын жетілдіру және ғылыми-технологиялық әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстарының маңызды бөлігі.









