1 қыркүйек 2026


ҰЛТТЫҚ РУХАНИ МҰРАҒА АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕГІ БІЛІМ БЕРУ ЖОБАСЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде ұлттық рухани мұраны заманауи технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланып, білім беру үдерісіне енгізуге бағытталған халықаралық деңгейдегі жаңа жоба жүзеге асырылды.

Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанды цифрлық трансформациялау және жасанды интеллект мүмкіндіктерін білім беру мен ғылым саласына кеңінен енгізу жөніндегі стратегиялық бағыттарымен сабақтас. Президент 2025 жылдың 8-қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріне қадам басқанын атап өтіп, жаңа технологияларды игеру арқылы елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңыздылығына тоқталған еді.

Осы стратегиялық міндеттер аясында ұлттық рухани мұраны заманауи цифрлық мүмкіндіктер арқылы насихаттау — асыл қазыналарымызды сақтап, жас ұрпаққа заманауи форматта танытудың тиімді жолдарының бірі.

Бүгінгі Білім күні мерекесінің қарсаңында қауымдастырылған профессор, филология ғылымдарының кандидаты Бақытжан Бекенқызы Келгембаеваның авторлық «Дала дастандарының құпиясы» атты жаппай ашық онлайн курсы (ЖАОК) әлемдегі жетекші білім беру платформаларының бірі — Coursera-да жарияланды.

«Дала дастандарының құпиясы» курсы «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті», «Филология», «Түркология» білім беру бағдарламаларында білім алып жатқан студенттерге арналған.

Бұл бастама Президент Жолдауында айқындалған цифрландыру, жасанды интеллектіні дамыту және білімді, білікті ұрпақ қалыптастыру міндеттерімен үндеседі. Ұлттық әдеби мұраны цифрлық білім беру кеңістігіне шығару арқылы жоба дәстүрлі құндылықтар мен жаңа технологияларды тоғыстырып, қазақ эпосын халықаралық аудиторияға таныстыруға мүмкіндік береді.

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ұжымы курс авторы Бақытжан Бекенқызы Келгембаеваны осы айтулы жетістігімен шын жүректен құттықтайды!

Сондай-ақ ЖАОК-ты әзірлеу және халықаралық Coursera платформасында жариялау кезеңдерінде әдістемелік және техникалық қолдау көрсеткен жобаның серіктесі BMG UpSkill компаниясына алғысымызды білдіреміз.

Жаңа оқу жылы жаңа біліммен, жаңа мүмкіндіктермен және осындай жарқын бастамалармен толы болсын!