19 ноября 2025


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ «ФУНДАМЕНТАЛДЫ ЖӘНЕ ҚОЛДАНБАЛЫ МАТЕМАТИКАНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ» ҒЫЛЫМИ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ БАСТАЛДЫ

Бүгін Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Фундаменталды және қолданбалы математиканың өзекті мәселелері» атты ғылыми конференцияның бірінші күні өтті. Іс-шараға еліміздің жетекші ғалымдары, профессорлар мен докторанттар қатысты.

Қатысушылар математика ғылымының қазіргі жағдайы, ғылыми зерттеу бағыттары мен өңірлік ғылымды дамыту мүмкіндіктері туралы пікір алмасты.

Конференцияның басты мақсаты – Шығыс Қазақстан өңірінің математиктерін гранттық қаржыландырудың ағымдағы және болашақ жобаларына тарту арқылы өңірлік ғылымды дамыту. Осы орайда конференцияның маңызды бөлімдерінің бірі – математика бағытындағы гранттық жобалардың жетекшілерінің ашық есептері болды. Бағдарлама комитетінің төрағасы Тынысбек Кәлменов, университет ректоры Мұхтар Төлеген және «Математика және математикалық модельдеу институтының» бас директоры Махмуд Садыбеков конференцияның ашылуында қатысушыларды құттықтап, ғылыми жұмыстарға сәттілік тіледі:

«Бүгінгі конференция Шығыс Қазақстан өңірінің математикалық ғылымын дамытуға үлкен серпін береді. Мұндай ғылыми кездесулер жас ғалымдар мен тәжірибелі мамандарды біріктіріп, жаңа зерттеу бағыттарын қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деді Махмуд Садыбеков.

Іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, ғылыми қауымдастықтың ынтымақтастығын нығайтып, жаңа ғылыми бастамаларға жол ашты. Конференция ертең де жалғасын тауып, қатысушылардың баяндамалары мен пікірталастары арқылы математикалық ғылымның заманауи мәселелері жан-жақты қарастырылатын болады.