20 ноября 2025


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ГРАНТТЫ ӨТЕУ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША АҚПАРАТТЫҚ КЕЗДЕСУЛЕР ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде бітіруші курс студенттеріне арналған ақпараттық-түсіндіру кездесулері басталды. Белгіленген кестеге сәйкес кездесулер желтоқсан айының соңына дейін әр мамандық бойынша жеке-жеке өтеді.

Кездесудің мақсаты — мемлекеттік грантты өтеу қағидаларын түсіндіру, бітіруші түлектердің құқықтары мен міндеттері туралы хабардарлығын арттыру, сондай-ақ жұмысқа орналасу процесінде туындайтын мәселелердің алдын алу.

Алғашқы кездесулер шетел тілі: екі шетел тілі, аударма ісі, орыс тілі мен әдебиеті, қазақ тілі мен әдебиеті, журналистика білім беру бағдарламаларының студенттерімен өтті.

Кездесу барысында студенттер ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің м.а. 2023 жылғы 11 тамыздағы №403 бұйрығымен таныстырылды. Аталған бұйрыққа сәйкес, мемлекеттік білім беру гранты негізінде оқитын жас мамандар, соның ішінде ауыл квотасы, “Серпін” бағдарламасы және әкім гранты бойынша білім алушылар грантты өтеуге міндетті.

Грантты өтеу тәртібі, жұмысқа орналасу талаптары мен жауапкершілік тетіктері жөнінде толық түсініктеме беріліп, студенттердің сұрақтарына жауаптар ұсынылды.