20 ноября 2025


МАХМҰД САДЫБЕКОВ «АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫ» ТӨСБЕЛГІСІМЕН МАРАПАТТАЛДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Фундаменталды және қолданбалы математиканың өзекті мәселелері» атты ғылыми конференцияның екінші күні мазмұнды бағдарламасымен жалғасты. Бүгінгі секциялық отырыстарда еліміздің түрлі ғылыми мектептерінің өкілдері өз зерттеулерінің нәтижелерін ұсынып, заманауи математиканың өзекті бағыттары бойынша терең пікірталас жүргізді.

Күн тәртібіндегі маңызды оқиғаның бірі – «Математика және математикалық модельдеу институтының» Бас директоры, профессор Махмұд Садыбековке университеттің дамуына қосқан зор үлесі үшін «Абай Құнанбайұлы» төсбелгісінің табысталуы болды. Марапатты университет ректоры, профессор Мұхтар Төлеген салтанатты түрде табыс етіп, ғалымның республика ғылымына қосқан еңбегін ерекше атап өтті. Бұл марапат – математикалық ғылымды дамытуға сіңірген қажырлы еңбектің және өңірдегі ғылыми экожүйеге қосқан үлестің лайықты бағасы.

Махмұд Садыбеков — гиперболикалық, параболикалық және эллиптикалық типтегі дифференциалдық теңдеулер үшін қиюласатын есептер; аралас типтегі дифференциалдық теңдеулерге арналған шеттік есептер; математикалық физиканың кері есептері; жеке туындылы теңдеулер үшін спектралдық есептер; кесіндідегі жай дифференциалдық операторлардың спектралдық қасиеттері; Гильберт кеңістігіндегі элементтер жүйесінің базистік қасиеттері сияқты ғылыми зерттеулердің авторы.

Аманжолов университеті осындай ірі ғалымдарды қолдауды, олардың ғылыми идеяларының дамуына жағдай жасауды және Қазақстан математикасының өркендеуіне үлес қосуды өз миссиясының маңызды бөлігі ретінде қарастырады.