20 ноября 2025
АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРҒА ҚАРСЫ ІС-ШАРА ӨТКІЗІЛДІ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде төтенше жағдайлардың алдын алу және қауіпсіздік мәдениетін күшейту мақсатында ауқымды өрт-тактикалық оқу-жаттығу өтті. Шара сағат 11:00–12:00 аралығында Шығыс Қазақстан облысы бойынша Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, университеттің №1 оқу ғимаратында ұйымдастырылды.
Оқу-жаттығудың негізгі тақырыбы – «№1 оқу ғимаратында өрт туындаған кезде профессор-оқытушылар құрамының, қызметкерлер мен білім алушылардың іс-қимыл дағдыларын пысықтау». Бұл жаттығу қауіпті жағдай туындаған сәттегі шұғыл әрекеттерді жетілдіру, көшіру тәртібін нақтылау және барлық қатысушылардың төтенше жағдай кезіндегі әрекет ету алгоритмін бекітуге бағытталды.
Шара барысында университеттің профессор-оқытушылар құрамы, әкімшілік қызметкерлері және студенттер жұмылдырылды. Белгіленген сценарий бойынша №1 оқу ғимаратында шартты түрде өрт шығып, өрт дабылы іске қосылды. Осы сәттен бастап қатысушылар нақты жағдайдағыдай әрекет етіп, ғимараттан эвакуациялау жұмыстары жүргізілді.
ТЖ департаментінің арнайы мамандары өрт сөндіру құралдарының қолданылуын, эвакуациялық шығу жолдарының пайдалану тиімділігін, адамдарды бағыттау және жинау орындарына жеткізу кезіндегі үйлесімділікті бақылады. Сонымен қатар университеттің азаматтық қорғау қызметі ішкі бақылау мен үйлестіруді қамтамасыз етті.
Оқу-жаттығудың мақсаты – қауіп төнген жағдайда әр қызметкер мен студенттің өз қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және өзгелерге көмектесуге деген дайындық деңгейін бағалау.
Қатысушыларға өрт кезінде көшу тәртібі, алғашқы қауіпсіздік шаралары, эвакуация кезіндегі тәртіп пен тыныштықты сақтау, қауіпсіз қашықтыққа шығу, төтенше жағдай қызметімен өзара іс-қимыл жасау тәртіптері түсіндірілді.
ТЖ мамандары оқу-жаттығу барысында өрт сөндіру құралдарының дұрыс қолданылуын көрсетті, сондай-ақ ғимараттағы тепкішектер, дәліздер мен эвакуациялық шығу жолдарының жарамдылығына назар аударды.
Жаттығу аяқталғаннан кейін Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері мен университет әкімшілігі ортақ талдау жүргізді. Талдау барысында профессор-оқытушылар құрамының, қызметкерлер мен білім алушылардың қауіпсіздік ережелерін сақтау деңгейі, тәртіп пен үйлесімділік, эвакуация жылдамдығы сияқты негізгі көрсеткіштер қарастырылды.






