24 ноября 2025
АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ НЫҒАЙТҚАН ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ
«Еуразиялық білім беру көрмесі» аясында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде өңірлік және халықаралық серіктестікті тереңдетуге бағытталған маңызды кездесу мен дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Қонақтар университетті «достық алаңы» деп атап, бұл орынды түрлі білім беру ұйымдары мен халықаралық өкілдердің еркін пікір алмасып, жаңа жобаларды талқылайтын ашық коммуникациялық орта ретінде жоғары бағалады.
Дөңгелек үстелге Қазақстан, Ресей және Қырғызстаннан келген жоғары оқу орындары және колледж өкілдері түгел қатысып, білім беру жүйесіндегі өзекті бағыттар, ортақ жобалар және оқу орындары арасындағы жаңа серіктестік форматтары сөз болды. Университет ректоры Мұхтар Төлеген жиынды ашып, өңір мектептерімен және шетелдік серіктес ұйымдармен жұмыс бағытын кеңейтудің маңызын атап өтті. Ол жастардың кәсіби бағдарын күшейту, халықаралық білімге қолжетімділікті арттыру және бірлескен бағдарламалар санын көбейту туралы ұсыныстарын жеткізді.
Қатысушылар өңірдегі халықаралық ынтымақтастық деңгейінің өсіп келе жатқанын атап, ортақ ғылыми жобалар, академиялық ұтқырлық бағдарламалары, жазғы мектептер мен бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға дайын екендерін білдірді. Бұл кездесу жаңа байланыстардың орнауына ғана емес, бұрынғы серіктестіктің нығаюына да мүмкіндік берді.
Дөңгелек үстелде сөз сөйлеген «Еуразиялық ынтымақтастық ұйымы» жобасының жетекшісі Дмитрий Даниилов ректорға ерекше алғысын білдірді:
«Құрметті Мұхтар Әділбекұлы, бүгінгі кездесуге жасалған жағдай мен коммуникация алаңы үшін үлкен алғыс айтамын. Бұл – өңір мектептері мен халықаралық серіктестер арасындағы тиімді диалог орнатуға жол ашатын маңызды платформа», – деді ол.
Кездесу барысында тараптар өңір жастарының шетелде білім алу мүмкіндіктерін кеңейту, қос дипломды бағдарламаларды дамыту, білім беру кеңістігін цифрландыру және халықаралық ғылыми жобаларды іске асыру бағыттарын талқылады. Оқу орындары мектеп түлектеріне арналған консультациялар, бірлескен форумдар, тәжірибе алмасу алаңдары мен серіктестік желілерін кеңейтуге ниетті екендерін айтты.
«Еуразиялық білім беру көрмесі» мен өткен дөңгелек үстел өңірдің халықаралық білім кеңістігіне ашық енуіне жаңа серпін берді. Бұл алаң жастарды кәсіби бағыттау, білім беру ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты нығайту және жаһандық интеграция үдерісін жеделдету тұрғысынан айрықша маңызға ие екенін тағы бір мәрте көрсетті.






