24 ноября 2025


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ИТАЛИЯ ПРОФЕССОРЛАРЫНЫҢ ҚАТЫСУЫМЕН ИТАЛЬЯН ТІЛІ КУРСТАРЫНЫҢ АШЫЛУЫ ӨТТІ

Бүгін Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде итальян тілі курстарының ресми ашылуы өтті. Бұл маңызды шара — Италияның жетекші жоғары оқу орындарымен нығайып келе жатқан халықаралық ынтымақтастықтың нәтижесі.

Университетке арнайы шақырумен шетелдік ғалымдар – Кассино және Оңтүстік Лацио университетінің профессоры Алессандро Фигус және Генуя университетінің профессоры Гвидо Аморетти келді.

Итальяндық профессорлар Өскеменге Amanzholov University ресми шақыруымен келіп, студенттерге итальян тілі сабақтарын өткізумен қатар, магистранттар мен докторанттарға гуманитарлық ғылымдар, мәдениетерлік коммуникация және еуропалық академиялық тәжірибе бойынша дәрістер оқуда.

Сапар бағдарламасында психология және туризм салалары бойынша мастер-класстар да қарастырылған. Профессорлар осы бағыттардағы заманауи ғылыми тәсілдерді таныстырып, университеттің профессор-оқытушылар құрамына халықаралық рецензияланатын журналдарда мақала дайындау және жариялау бойынша кеңес беруде. Бұл өз кезегінде ППҚ-ның ғылыми белсенділігін арттыруға ықпал етеді.

Итальян тілі курстарының ашылуы бұрын жасалған ынтымақтастықтың жалғасы болып отыр: Amanzholov University бұған дейін Генуя университеті және Кассино және Оңтүстік Лацио университетімен меморандумдар жасасқан. Бұл келісімдер академиялық мобильдікті, бірлескен білім беру жобаларын және итальян тілі мен мәдениетін ілгерілетуді қамтиды.

Айта кетейік, Amanzholov University-де Сальваторе Квазимодо атындағы итальян тілі мен мәдениеті орталығы табысты жұмыс істеп келеді. Орталық университеттің басқарма төрағасы – ректор, профессор Төлеген Мұхтар Әділбекұлының бастамасымен профессор Гвидо Аморетти және профессор Алессандро Фигуспен бірлесе құрылған. Орталықтың басты мақсаты – Италия университеттерімен ынтымақтастықты нығайту және итальян тілін оқыту мүмкіндіктерін кеңейту.

Салтанатты шара барысында ректор Мұхтар Төлеген халықаралық серіктестіктің артып келе жатқан маңыздылығын атап өтіп, студенттерге шет тілін меңгеруде табыс тілеп, итальян ғалымдарының қатысуы университеттің білім беру кеңістігінің дамуына жаңа серпін беретініне сенім білдірді.

Кездесу барысында профессор Алессандро Фигус студенттермен кейс-сұхбат өткізіп, итальян тілін жылдам меңгеру әдістері мен заманауи оқыту технологияларын таныстырды. Студенттер итальян мәдениеті, тарихы және дәстүрлері туралы сұрақтар қойып, белсенділік танытты.

Итальян тілі курстарының іске қосылуы мен шетелдік ғалымдардың келуі – Amanzholov University-дің білім интернационализациясы мен ғылыми әлеуетін кеңейтудегі маңызды қадам. Бұл бастама Италиямен ынтымақтастықтың жаңа көкжиектерін ашатыны сөзсіз.