25 ноября 2025
АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ «ХИМИЯЛЫҚ КАЛЕЙДОСКОП XVI» ТУРНИРІ ӨТТІ
Aманжолов университетінде ынталы мектеп оқушыларына арналған XVI «Химиялық калейдоскоп» турнирі өтті. Іс-шараның ашылуында университеттің тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Жанетта Калимолдина және химия кафедрасының меңгерушісі Бақыт Шаихова қатысушыларды құттықтап, оларға сәттілік тілеп, болашақта университет қабырғасында білім алуға шақырды.
Турнирді ұйымдастыруға «Химия және наноматериалдар», «Химиялық криминалистикалық сараптама», «Химия және биология», «Химия (IP)» білім беру бағдарламаларының студенттері белсенді атсалысты. Олар қатысушылар үшін түрлі конкурстар мен викториналар әзірлеп, Instagram-ға арналған үздік жариялама байқауын ұйымдастырды. Дәстүрлі «Танысу», «Жылыну», «Белсенді жанкүйер», «Химик-лириктер» кезеңдері, капитандар сайысы, теориялық және практикалық тапсырмалар оқушылардың білімін жан-жақты бағалады. Қатысушылар Amanzholov University-дің заманауи химиялық зертханаларында тәжірибелер жүргізіп, зертханалық жабдықтармен жұмыс істеді. Биылғы турнирдің тақырыбы «Металдар мен қорытпалар» болып белгіленді.
Екі күн ішінде интерактивті викториналар, ребустар, химиялық рэп, флешмоб және «Крокодил» ойыны ұйымдастырылып, жас химиктердің шығармашылығы мен ғылыми ойлау қабілеті сыналды. Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаздар дипломдармен, сертификаттармен және тәтті сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ мұғалімдерге алғыс хаттар табысталды.
Мемлекеттік тілде оқытатын мектептер арасында «Үздік экспериментатор» номинациясын №49 мектептің оқушылары Қабдуғалиев Ержомарт пен Мұратқанова Інжу иеленді. «Үздік теоретик» атағы №48 мектеп-орталығының оқушысы Құмарбекова Нұрайға берілді. «Белсенді жанкүйер» номинациясы №49 мектептің «ReActiv» командасына бұйырды. Жүлделі 3-орынды №23 мектептің «Протоникс» және №48 мектеп-орталығының «Экоболашақ» командалары, 2-орынды №3 мектеп-лицейдің «Гематит» командасы, ал 1-орынды №49 мектептің «ReActiv» командасы жеңіп алды.
Орыс тілінде оқытатын мектептер арасында «Үздік экспериментатор» атағы №11 мектеп-лицейдің оқушылары Мухаметкаирова Виталина мен Крестьянинов Григорийге берілді. «Үздік теоретик» номинациясын осы мектептің оқушысы Полякова Анжелина иеленді. «Белсенді жанкүйер» — №11 мектеп-лицейінің «Титан» командасы. 3-орынға №29 мектеп-орталығының «Валентные» және №23 мектептің «Нейтрончики» командалары, 2-орынға облыстық мамандандырылған мектеп-лицейінің «Железные чемпионы» және Өскемен қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің «Железная логика» командалары лайық деп танылды. Ал 1-орын №11 мектеп-лицейінің «Титан» командасына бұйырды.
Amanzholov University ұйымдастырған «Химиялық калейдоскоп XVI» турнирі жас зерттеушілердің ғылымға деген қызығушылығын арттырып, олардың химия саласындағы білімін тереңдетуге мүмкіндік берді. Университет жас дарындарды қолдау мен дамытуға бағытталған бастамаларын алдағы уақытта да жалғастыра береді.






