28 ноября 2025
АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІ МАЛАЙЗИЯ УНИВЕРСИТЕТІМЕН БІРЛЕСІП ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ОРТАЛЫҒЫН АШТЫ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Малайзияның ең ірі жоғары оқу орындарының бірі — Universiti Pendidikan Sultan Idris (UPSI) университетімен әріптестік аясында құрылған “AI Amanzholov” Халықаралық жасанды интеллект орталығының ашылуы өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова қатысты.
Бұл орталықтың ашылуы — Аманжолов университетінің UPSI және Малайзияның жетекші ғылыми ұйымдарымен жасасқан жаңа халықаралық келісімдерінің жалғасы. Тараптар жасанды интеллект саласындағы бірлескен зерттеулерді, технологиялар алмасуды және жаңа білім беру бағдарламаларын іске қосуды келіскен. Осындай ынтымақтастық университеттің халықаралық беделін арттырып, студенттерге AI бағытындағы жаһандық жобаларға қатысуға мүмкіндік ашады.
AI-орталықтың құрылуы — Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған стратегиялық міндеттердің жүзеге асуының көрінісі. Мемлекет басшысы жасанды интеллектті экономика, білім беру және кадр даярлау салаларына кеңінен енгізудің маңызын ерекше атап өтуде. Жаңа орталықтың жобалары осы басымдықтарға толық сәйкес келеді.
Ашылу барысында вице-минстрге университеттің негізгі цифрлық бастамалары ұсынылды. Солардың бірі — цифрлық дағдыларды дамытуға және deeptech-стартаптарды дайындауға арналған ұлттық Ai-Sana бағдарламасы. Бағдарлама шамамен 100 мыңға жуық қатысушыны қамтып, бағдарламалау, деректерді талдау, цифрлық сауаттылық, практикалық жобалар және Coursera мен Astana Hub платформаларына қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
Үлкен қызығушылық тудырған жобалардың бірі — университеттің IT орталығы әзірлеген интеллектуалды агент Ai-Ustaz. Ол тесттер, флеш-карталар, электронды курстар мен тапсырмаларды автоматты түрде құра алады. Болашақта бұл сервис оқытушылар үшін толыққанды педагогикалық құралға айналмақ. Сонымен қатар студенттер буллинг құрбандары мен куәгерлеріне анонимді қолдау көрсететін әлеуметтік маңызы бар «АнтиБуллинг» Telegram-ботын таныстырды. Басқа бір инновациялық жоба — Python-код сапасын бағалаудың гибридті жүйесі. Ол статикалық талдауды LLM-модельдің ұсыныстарымен біріктіріп, студенттік жұмыстарды неғұрлым объективті бағалауға мүмкіндік береді.
Университеттің ғылыми зертханасы LSTM-модельдеріне, спутниктік мәліметтерге және түсіндірмелі жасанды интеллект әдістеріне негізделген су тасқынын болжау және агрожүйелердің су режимін мониторингтеу жобаларын көрсетті. «Dana Bala» орталығы инклюзивті білімге арналған цифрлық сервистерді — білім беру веб-порталын, интеллектуалды боттарды, интерактивті ойын платформасын, сондай-ақ ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған қаржылық және құқықтық сауаттылық құралдарын таныстырды.
Бұдан бөлек, Гүлзат Көбенова жаңартылған Coursera зертханасымен және кәсіби жабдықталған LED-панельді заманауи видеостудиямен танысты. Бұл студия сапалы білім беру контентін жасауға мүмкіндік береді.
Визит қорытындысында вице-министр Аманжолов университетінің цифрлық құзыреттерді дамытудағы жүйелі жұмысын атап өтіп, жасанды интеллектті енгізу жөніндегі мемлекеттік стратегиялық бағытты қолдап отырғанын жеткізді. Халықаралық AI-орталықтың ашылуы өңірдің ғылыми әлеуетін күшейтіп, цифрлық экономика үшін мамандар даярлауда маңызды қадам болды.
Алдағы уақытта орталықтың жұмысы UPSI университетімен тығыз ынтымақтастықта жалғасады. Бірлескен ғылыми зерттеулер, технологиялар алмасу және халықаралық білім беру жобалары Аманжолов университетінің позициясын нығайтып, Қазақстан студенттері мен ғалымдары үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.









