25 ноября 2025


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ УӘЛИЕВ ЖҰМАШ КӘРІМҰЛЫ АТЫНДАҒЫ ШӘКІРТАҚЫҒА АРНАЛҒАН ФИНАЛДЫҚ КЕЗЕҢ ӨТТІ

Университет қабырғасында биыл тағы да дәстүрлі «Уәлиев шәкіртақысы» конкурсы өтуде. Бұл атаулы шәкіртақы көрнекті ғалым, профессор Жұмаш Кәрімұлы Уәлиевтің құрметіне тағайындалған және оқу орнының ең талантты, мақсаткер әрі белсенді студенттерін қолдауды мақсат етеді.

Академиялық үлгерімі жоғары, ғылыми-зерттеу қызметіне белсенді қатысып, ШҚУ-дың қоғамдық өміріне елеулі үлес қосып жүрген студенттер ғана аталмыш марапатқа үміткер бола алады. Шәкіртақы жыл сайын университеттің ғылымға бейім жастарды ынталандырудағы маңызды бастамаларының бірі саналады.
Конкурс талаптарына сәйкес, студенттердің ғылыми-зерттеу жұмысына қатысуы негізгі шарттардың бірі болып табылады. Жобалар, ғылыми мақалалар, конференция баяндама­лары, олимпиадалар нәтижелері мен жарияланымдар іріктеу барысында ерекше мәнге ие. Комиссия үміткерлердің зерттеу әлеуетін, ғылыми нәтижелерін және университет өміріне қосқан үлесін кешенді түрде бағалайды. Шәкіртақы бір студентке тағайындалып, басқа тұлғаға берілмейді.

Биыл «Уәлиев шәкіртақысына» 9 өтінім қабылданды. Бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша 4 студент финалға өтті. Финалистер өздерінің ғылыми жобаларын, зерттеу нәтижелерін және атқарған жұмыстарының маңыздылығын жоба қорғау барысында таныстырды. Қазылар алқасы ұсынылған материалдарды саралап, конкурс жеңімпазын анықтау жұмыстарын жалғастыруда.