2 декабря 2025
АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТТЕРІНЕ АҚПАРАТТЫҚ КЕЗДЕСУ ӨТКІЗІЛДІ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде 18 қарашадан бастап мемлекеттік білім беру тапсырысы және облыс әкімінің гранты негізінде білім алып жатқан, 2026 жылы оқуын аяқтайтын студенттермен кезекті ақпараттық-түсіндіру кездесулері өтуде. Бұл шаралар бекітілген жоспарға сәйкес жүргізіліп, түлектердің алдағы еңбек жолына дайындық деңгейін арттыруға бағытталған.
Кездесулер әр мамандық пен кафедра бойынша жеке ұйымдастырылды. Осыған орай биология кафедрасының, экология және география кафедрасының, компьютерлік модельдеу және ақпараттық технологиялар кафедрасының, экономика, менеджмент және қаржы кафедрасының, сондай-ақ юриспруденция кафедрасының 4-курс студенттері қатысып, өздеріне қажетті маңызды ақпарат алды.
Шара барысында университеттің жауапты мамандары грантты өтеу тәртібі, түлектерді жұмысқа орналастыру механизмдері, жолдамамен жіберу талаптары мен мерзімдері туралы толық әрі жан-жақты түсіндірме берді. Сонымен қатар, студенттер қызықтырған сұрақтарын қойып, мемлекеттік бағдарлама аясындағы құқықтары мен міндеттері жөнінде нақты мәліметтерге қол жеткізді.
Асыресе, мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алған түлектер үшін ауылдық елді мекендерге жіберілу тәртібі, жұмыс орнының ұзақ мерзімге бекітілуі, еңбек шартын рәсімдеу, сондай-ақ әлеуметтік қолдау шаралары кеңінен түсіндірілді. Әкім гранттарының иегерлеріне қатысты талаптар да егжей-тегжейлі айтылып, әрбір студент өз жағдайына байланысты жеке кеңес алу мүмкіндігіне ие болды.
Университет тарапынан мұндай кездесулер жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді. Мақсат – студенттердің еңбек нарығына сенімді қадам басуына, заң талаптарын дұрыс түсініп, мамандығы бойынша тиімді шешім қабылдауына көмектесу. Алдағы уақытта да оқу орны барлық кафедра студенттерімен жоспарланған кездесулерді өткізіп, түлектерге ақпараттық қолдауды жалғастырмақ.

